
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы (ЭКСЖ) аясындағы Жобалық кеңсенің көшпелі отырысын өткізді.
Жұмыс сапары барысында Қарағанды облысындағы коммуналдық инфрақұрылым нысандары араланып, жылу, су және электр желілерін жаңғырту бойынша іске асырылып жатқан жобалардың барысы қаралды. Қатысушылар ТМ-2 және ТМ-3 жылу магистральдарын, Қарағанды – Теміртау су құбырын, «Қарағанды Су» ЖШС негізгі құрылыстарын, «Қарағанды Жарық» ЖШС электр желілері шаруашылығы нысандарын, сондай-ақ «Теплотранзит Караганда» ЖШС-ның М-2 және М-3 жылу магистральдарын реконструкциялау жұмыстарымен танысты.
Қарағанды қаласында қатысушылар Қарағанды, Теміртау қалаларының және Ақтас кентінің тұрғындарын, сондай-ақ Қарағанды ЖЭО-3-ті ауыз сумен қамтамасыз ететін «Қарағанды Су» ЖШС су тазарту кешенін реконструкциялау барысын көрді.
Қазіргі уақытта ЭКСЖ ұлттық жобасының пилоттық жобалары аясында негізгі құрылыстардың 2-ші және 3-ші кезектерінің жаңа блоктарын салу, технологиялық жабдықтар мен кешеннің негізгі нысандарын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстардың аяқталуы суды тазарту сапасын арттыруға, оның үздіксіз берілуін қамтамасыз етуге және үш елді мекендегі шамамен 695 мың тұрғынды, сондай-ақ стратегиялық маңызы бар Қарағанды ЖЭО-3 нысанын сенімді сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Нысандарда жұмыстардың ағымдағы қарқыны, техникалық жай-күйі және коммуналдық инфрақұрылымның алдағы жылыту маусымына дайындығы қаралды. Негізгі назар жоспарланған іс-шараларды уақтылы орындауға және жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстарының сапасына аударылды.
Қарағанды облысында Қарағанды – Теміртау су құбырын жаңарту жобасы да іске асырылуда. Нысан Теміртау қаласын сумен қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта оның ең тозған учаскелері кезең-кезеңімен жаңартылуда. Негізгі жөндеу жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Бұл сумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттырып, қала тұрғындарына судың тұрақты берілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Отырыс барысында Ұлттық жобаның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы іске асырылу барысы да қаралды. 2026 жылы шамамен 1,3 трлн теңге инвестиция тартылды, оның ішінде 791 млрд теңге МЭКС аясында бағытталды. Қазіргі уақытта өңірлерде 328 жоба іске асырылуда.
Қажетті жұмыс қарқынын қамтамасыз ету мақсатында өңірлерге 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін жобалық-сметалық құжаттамасы дайын нысандар бойынша жөндеу жұмыстарын бастау, сондай-ақ МЭКС электрондық платформасы арқылы 2027 жылға арналған өтінімдерді қалыптастыру тапсырылды.
Профильді мемлекеттік органдарға 1 қыркүйекке дейін коммуналдық ресурстарды өндірістік және коммерциялық есепке алуға қойылатын бірыңғай талаптарды әзірлеп, бекіту тапсырылды.
Аталған шараларды іске асыру коммуналдық инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңартуға, оның жұмыс сенімділігі мен халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, сондай-ақ коммуналдық ресурстарды басқару және есепке алудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.