
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Павлодар қаласында өткен «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» (ЭКСЖ) ұлттық жобасының Жобалық кеңсесінің көшпелі отырысына қатысты.
Отырыс барысында ЭКСЖ ұлттық жобасын іске асырудың қазіргі кездегі қарқыны, конкурстық рәсімдердің барысы, жобаларды қаржыландыру мәселелері және өңірлердің жөндеу науқанын өткізуге дайындығы қаралды.
Биыл еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына шамамен 1,3 трлн теңге инвестиция тартылды. Оның 767 млрд теңгесі ЭКСЖ ұлттық жобасы аясында бағытталды. Бұл жалпы құны 164,8 млрд теңге болатын 37 пилоттық жобаны іске асыруға кірісуге мүмкіндік берді.
459 млрд теңгенің 242 жобасы конкурстық рәсімдер сатысында тұр. 175 нысан бойынша мердігерлік ұйымдар анықталды. Қаржыландыру халықаралық қаржы ұйымдарының, екінші деңгейдегі банктердің қаражаты, «Бәйтерек» холдингінің құралдары, сондай-ақ сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауды қоса алғанда, мемлекеттік қолдау шаралары есебінен қамтамасыз етіледі.
Ұлттық жобаны іске асыруға өңірлердің тартылу рейтингіне ерекше назар аударылды. Мониторинг деректері бойынша, бірқатар өңірлер конкурстық рәсімдерді өткізу және шарттар жасасу бойынша артта қалуда. Ең төмен көрсеткіштер Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Түркістан облысы мен Ұлытау облысында тіркелді.
Қанат Бозымбаев барлық қажетті қаржыландыру тетіктері мен мемлекеттік қолдау шаралары қабылданғанын, ал өңірлердің басты міндеті құрылыс-монтаждау жұмыстарын уақтылы бастау және жобаларды сапалы іске асыру болып қала беретінін атап өтті.
Сонымен қатар Павлодар облысы ЭКСЖ ұлттық жобасын іске асыру бойынша неғұрлым белсенді өңірлердің бірі ретінде атап өтілді. Өңірде соңғы 30 жылда алғаш рет инженерлік инфрақұрылымның тозуын тоқтатуға қол жеткізілді.
2025-2027 жылдары мұнда жалпы құны 131,6 млрд теңге болатын 55 жобаны іске асыру жоспарланған. Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 92,4 км болатын жылу және электрмен жабдықтаудың 16 объектісінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Іске асырылып жатқан жобалардың құны 21,7 млрд теңгені құрайды.
Бұған қоса, Павлодар облысы 2027 жылға арналған жобалар саны бойынша республикада екінші орынға шықты. Олар жалпы құны 109,9 млрд теңге болатын 39 жобаны қамтитын үлкен өтінім базасын дайындады. Бұл ретте іске асырылып жатқан жобалардағы қазақстандық өнімдер мен мамандардың үлесі (отандық мазмұн) 100%-ды құрап отыр.
Жиынға қатысушылар отандық өнімнің үлесін арттыру мәселесін бөлек талқылады. Олар Ұлттық жоба аясында қазақстандық тауарлар мен қызметтерді көбірек пайдалану, сондай-ақ коммуналдық жүйелерді жаңарту жұмыстарына отандық өндірушілерді белсенді тарту жолдарын қарастырды.
Отырыс қорытындысы бойынша Қанат Бозумбаев жұмысы кешігіп жатқан жобаларды тез арада ретке келтіруді және барлық конкурстарды қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.
Сондай-ақ бұл жобаға қазақстандық өндірушілерді тарту бойынша нақты міндеттер жүктелді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне 1 шілдеге дейін отандық тауар өндірушілердің тізілімін (ҚТӨ тізілімі) жаңарту және Электрондық платформаның толыққанды жұмыс істеуіне кедергі болып тұрған кемшіліктерді жою тапсырылды.