
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп, «Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына енгізілген өзгерістерге байланысты пәтер иелері кооперативтерін (ПИК) қайта тіркеу және олардың алдағы қызметі мәселелері бойынша Байқоңыр ауданының тұрғындарымен кездесу ұйымдастырды.
Кеңес барысында қатысушыларға қолданыстағы заңнама нормалары, ПИК қызметін белгіленген талаптарға сәйкестендіру тәртібі, сондай-ақ кондоминиум объектілерін басқару субъектілерінің алдағы ұйымдастырушылық-құқықтық қызметінің ерекшеліктері түсіндірілді.
Талқылауға Комитеттің Тұрғын үй қорын дамыту басқармасының басшысы Қызғалдақ Медетова қатысты. Кездесу аясында ол келіп түскен сұрақтар бойынша қосымша түсіндірме беріп, ПИК төрағаларының өтініштеріне жауап берді, қайта тіркеу және қолданыстағы нормаларды сақтау мәселелерінің практикалық қырларына егжей-тегжейлі тоқталды.
Кездесу қатысушылары түсіндіру жұмыстарының өзектілігін атап өтіп, мемлекеттік органдар мен көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару субъектілері арасындағы ашық диалогтың маңыздылығын жеткізді.
Мұндай іс-шараларды өткізу басқару субъектілерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға, ПИК қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге және тұрғын үй заңнамасы нормаларының тиімді іске асырылуына бағытталған.