Қарағанды облыстық «AMANAT» партиясы филиалында партияның «TURǴYNDAR AMANATY» жобасы аясында «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» тақырыбында форум-семинар өтті. Іс-шараға ҚР ӨҚМ, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мынбаев, Тұрғын үй қорының дамуын басқару басқармасының бас сарапшысы Самал Саурыкова және Айбек Алибеков «ҚазОрталық ТКШ» АҚ қатысты.
Форум көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың өзекті мәселелеріне, мүлік иелері бірлестіктері (МИБ) мен пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК) қызметіне, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жүйелі шешімдерді қалыптастыруға арналды.
Форум жұмысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Қарағанды облысының басшылығы, «AMANAT» партиясының өкілдері, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, сондай-ақ қала мен облыс бойынша МИБ және ПИК төрағалары мен белсенділері қатысты.
Іс-шара аясында салалық ведомстволардың қатысуымен консультациялық бөлім ұйымдастырылып, қатысушылар тұрғын үй қорын басқару және тұрғын үй заңнамасының нормаларын қолдану бойынша түсіндірулер алды. Пленарлық отырысты Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ашып, көппәтерлі тұрғын үйлерді тиімді әрі ашық басқарудың азаматтардың өмір сүру сапасын арттырудағы маңызын атап өтті.
Форум барысында энергия үнемдеу, басқару процестерін цифрландыру мәселелері, сондай-ақ «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңына енгізілген негізгі өзгерістер талқыланды. Самал Саурыкова өз баяндамасында заңнаманың жаңа нормаларына, оларды іске асыру тетіктеріне және МИБ мен ПИК-тердің тұрғын үй иелері алдындағы жауапкершілігіне тоқталды.
Форумға 300-ден астам МИБ және ПИК өкілдері қатысып, кәсіби қауымдастықтың жоғары қызығушылығын және көтерілген тақырыптардың өзектілігін көрсетті. Іс-шара қорытындысы бойынша ұсынымдар әзірленіп, меморандумға қол қойылды және «AMANAT» партиясының орталық аппаратына қарау үшін хаттамалық тапсырмалар айқындалды.
Аталған іс-шара тұрғын үй қатынастары саласын дамыту мәселелері бойынша билік өкілдері, сарапшылар мен өңір тұрғындары арасындағы ашық диалогқа арналған тиімді алаңға айналды.