
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Архитектура және құрылыс комитетінің өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді.
Тәжікстан делегациясының құрамына: «Құрылыс саласындағы ғылым және нормативтік реттеу» басқармасының басшысы Бобошеров Гулмурод, «Құрылыс саласындағы баға белгілеу орталығы» мониторинг бөлімінің басшысы Мирзоева Анора, «Құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институты» ММ директоры Саломзода Муродбек, сондай-ақ «Құрылыс саласындағы баға белгілеу орталығы» ММ директоры Фатхуллоева Саъди кірді.
Кездесу барысында тараптар құрылыс саласындағы баға белгілеудің өзекті мәселелерін, сондай-ақ жобалау жұмыстарының құнын есептеу тәсілдерін талқылады. Ерекше назар құрылыс технологиялары, заманауи жобалау әдістемелері және нормативтік реттеу саласындағы тәжірибе алмасуға аударылды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша ведомстволар арасындағы ынтымақтастықты жалғастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Тараптар баға белгілеу үдерістерінің тиімділігін арттыруға, сондай-ақ құрылыс стандарттарын жетілдіруге бағытталған бірқатар бірлескен семинарлар мен сараптамалық консультациялар өткізуді жоспарлап отыр.
Құрылыс және ТКШ істері комитеті халықаралық ынтымақтастықты нығайту мен тәжірибе алмасудың саланы дамыту және жүзеге асырылып жатқан жобалардың сапасын арттыру үшін маңызды екенін атап өтеді.