Меню
Страницы
Қызметі
Байланыс ақпарат
Баспасөз орталығы
Комитет туралы
Құжаттар
Байланыс ақпараты
Қашықтан оқыту
Құжаттар
Комитет туралы
Баспасөз орталығы
Все материалы
Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы
15 февраля 2022
Алдағы 4 жылда жаңа тұрғын үйлерге 1,5 ГВт электр энергиясы қажет болады – ҚР ИИДМ

ҚР Үкіметі отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев елдімекендерді салу жоспарларын ескере отырып, коммуналдық инфрақұрылым қуатын арттыру бойынша болжам жасау туралы Мемлекет басшысының тапсырмасы қалай орындалатынын баяндады.

Министрдің айтуынша қазіргі уақытта қалалардың бас жоспарларының нормативтеріне және егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына сәйкес тіршілікті қамтамасыз ету көздеріне деген қажеттіліктің алдын ала есебі дайындалған.

"2025 жылдың соңына дейін жоспар бойынша 70 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Оған 1,5 ГВт электр энергиясы, 2,9 мың Гкал/сағ жылу энергиясы, 3,3 млрд. текше метр табиғи газ, 887 мың текше метр сумен жабдықтау және 749 мың текше метр су бұру қажет болады. Бұл есеп салалық тұжырымдаманы әзірлеу кезінде 2022-2025 жылдарға арналған электр энергиясы мен қуаттарының болжамды теңгерімін қалыптастыру үшін Энергетика министрлігіне жіберілді", - деді Қайырбек Өскенбаев.

Сонымен қатар, ҚР ИИДМ өңірлердің әкімдіктерімен бірге энергия ресурстарына қажетті көлемді анықтайтынын айтты. Жұмыс нәтижелерін ҚР Энергетика, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар сияқты салалық министрліктерімен бірлесіп, тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлау кезінде ескереді.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы
08 февраля 2022
ҚР ИИДМ құрылыс жұмыстарына лицензия беру кезінде мамандармен тікелей байланысты болдырмайды

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында құрылыс саласын цифрландыру және автоматтандыру жұмысын жалғастыруда.

Қазіргі уақытта "Е-Құрылыс" ақпараттық жүйесі әзірленді. Ол қазаншұңқыр қазудан бастап пайдалануға бергенге дейінгі құрылыс процесін онлайн-режимде бақылауға мүмкіндік береді. Жүйеге мемлекеттік сәулет -құрылыс бақылау органдары қосылып, техникалық қадағалаушылар мен инженерлік-техникалық қызметкерлердің барлық тізілімі жүктелген. Сондай-ақ, техникалық қадағалаушылардың барлық есебі беріледі.

"Е-Құрылыс" жүйесі техникалық қадағалау сарапшыларын объектілер бойынша бақылап, олардың түрлі өңірде қызмет көрсетуіне жол бермейді. Сондай-ақ, жобадан ауытқып кетсе немесе жұмыс толық көлемде орындалмаса, оларды қабылдамайды.

Құрылыс жобаларының сметалық құнын жасанды жолмен көтеру тәуекелдерін азайту үшін онлайн-режимдегі "Онлайн калькулятор" жүйесі әзірленді. Бұл өңірге және объектінің техникалық өлшемдеріне байланысты жобаның шекті мәнін автоматты түрде есептеп, белгілеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын әлеуметтік объектілер және тұрғын үйлер үшін шекті құнын белгілеу жоспарланып отыр. Яғни, құрылыс шығыны шектеулі болады.

Бұдан басқа, бүгінгі таңда Министрлік аккредиттеу бойынша мемлекеттік қызметтердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жойды. Олар толығымен автоматтандырылған және 20 минут ішінде нәтижесін компьютер береді.

Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарына лицензия беру кезінде енді тікелей байланыс болмайды. Техникалық қадағалау, тексеру және жобаларды сараптау бойынша мамандарды аттестаттаудың бірыңғай жүйесінде тестілеу функциясы енгізілді. Онда сынақтан өтетін адамды ауыстыруға жол берілмейді және тестілеу нәтижелеріне бөгде ешкім әсер ете алмайды. Үрдісті биыл толығымен автоматтандыру жоспарланған.

Қосымша рұқсат беру құжаттары бойынша мемлекеттік функцияларды міндетті түрде сақтандыра отырып, өзін-өзі реттеуге беру әзірленіп жатыр. Яғни, өз қызметін өздері реттейтін ұйымдар мамандарды аттестациялап, лицензиялар береді және олардың қызметі үшін жауапты болады.

ҚР ИИДМ құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою жұмыстарын басым бағытта жалғастыра береді.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы
03 февраля 2022
Қазақстанда buildingSMART бағдарламасы бойынша инженерлер мен құрылысшыларды дайындау басталады

Оқыту орталығының сертификатталған түлектері buildingSMART халықаралық тізіліміне енгізіледі

Құрылыс саласын цифрландыру жөніндегі міндеттер шеңберінде "Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты" АҚ 2021 жылы тұрғын үйлер мен өзге де объектілерді жобалау және салу кезінде жиі пайдаланылатын 30 мемлекеттік құрылыс нормативін цифрландырды.

Нәтижесінде автоматтандырылған режимде құрылыс объектілерінің цифрлық модельдерін құрылыс нормалары мен ережелерінің талаптарына сәйкестігін тексеруге, сол арқылы адами фактор салдарынан жіберілетін қателіктер тәуекелін барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, сараптама жұмысын ішінара автоматтандыруға және объектілерді жобалау, салу және пайдалану процестерінің ашықтығын елеулі түрде арттырады. Құрылыс сапасы мен мерзімін қысқартуға оң әсер етеді.

Сонымен қатар, Институт 2021 жылы құрылыстағы Инженер-консультанттардың ұлттық қауымдастығымен (РФ) ҚазҚСҒЗИ базасында buildingSMART кәсіби сертификаттау бағдарламасы бойынша құрылыс саласы мамандарын даярлайтын алғашқы орталық құру туралы келісім жасады.

Орталық Қазақстанның инженер-жобалаушылары мен құрылысшыларына емтихан тапсырып, бүкіл әлемде танылатын құжаттар алуға, құрылыстағы ақпараттық модельдеу технологиялары бойынша әлемдік деңгейде оқуға мүмкіндік береді.

Орталықтың сертификатталған түлектері buildingSMART International орталықтандырылған ашық тізіліміне енгізіледі.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы
01 февраля 2022
ҚР ИИДМ тұрғын үй және қала құрылысына қатысты тәсілдерді өзгертуде

Еліміздің тұрғын үй саясаты баспана құнын төмендетуге, құрылыс материалдары өндірісін дамытуға, құрылыс саласындағы ашықтыққа, инженерлік-коммуналдық желілерді кеңінен тексеруге және қазіргі урбанистика мен жұртшылықтың пікірін ескере отырып, қалаларды дамытуға бағытталады.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қалаларды дамыту, көп қабатты тұрғын үйлер салу және баспанаға мұқтаж табысы аз азаматтарды қолдау саласындағы жағдайды елеулі түрде өзгерте алатын бірқатар нормативтік құқықтық актілерді әзірлеп, қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр.

Бұл туралы ҚР Үкіметінің сейсенбіде өткен отырысында министр Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді. Атап айтқанда, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйек айындағы тапсырмаларына сәйкес келетін тұрғын үй саясатындағы жаңа тәсілдер туралы айтты.

"Биылдан бастап жер ресурстарын тиімді пайдалану, көше-жол желісін дамыту және қоғамдық кеңістіктердің сапасын арттыру есебінен жинақы және түрлі ғимараттар салу арқылы "шаршы метр құрылысынан" жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға көшуді жоспарлап отырмыз.

Азаматтардың баспана мәселелерін шешудің негізгі тәсілдері құрылыс салушылардан дайын үй сатып алу, ескі аудандарды жаңарту, проблемалық нысандарды аяқтау, сондай-ақ тұрғын үйді жалға алуға төлемдер беру түріндегі мемлекеттік қолдаудың жаңа тетіктері болады", - деді ҚР ИИДМ басшысы.

Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, Министрліктің басты міндеттерінің бірі – баспана құнының төмендеуі мен құрылыс саласының даму серпінінің сақталуы арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету. Салада қазір 640 мың адам жұмыс істейді.   

"Тұрғын үй мен құрылыс материалдары құнының қымбаттауына жол бермеу үшін Министрлік отандық құрылыс және әрлеу материалдары өндірісін дамыту, баға белгілеу жүйесін жетілдіру және құрылыстағы бақылауды күшейту сияқты үш бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Сондай-ақ саланың ашықтығын қамтамасыз ету, құрылыстың өзіндік құнын төмендету және мерзімін қысқартуға мол мүмкіндік беретін цифрландыру шараларын ынталандыру", - деп атап өтті Қ.Өскенбаев.

Сондай-ақ, министр 2021 жылдың қорытындысында Қазақстанда 17 млн шаршы метрден астам баспана салынғанын хабарлады. Бұл арғы жылмен салыстырғанда 11,4%-ға жоғары көрсеткіш.  

Тұрғын үй құрылысына салынған инвестициялар 2020 жылмен салыстырғанда 19,1% артып, 2,4 трлн. теңгені құрады. Осыны ескере отырып, ҚР ИИДМ 2022 жылға тұрғын үй салудың жылдық көлемін анықтауды ұсынады.

"Бүгінгі таңда құрылыс саласында 46,4 мың кәсіпорын жұмыс істейді. 2,5 мыңы отандық құрылыс материалдарын өндірумен айналысады. Оларда 641 мың жұмысшы мен маман жұмыс істейді. Сондықтан жұмыс орындарын сақтау және көбейту жөніндегі саясатты одан әрі жалғастырамыз", - деді министр.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы
01 февраля 2022
ҚР ИИДМ баспана бағасының негізсіз өсуінің алдын алу үшін бірқатар IT-шешімдерді енгізеді

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысында құрылыс саласына базалық цифрлық құралдарды енгізу жөніндегі Министрліктің жоспарлары туралы айтып берді. Ол шаралар объектілер бағасының артуына жол бермеуге және экономиканың маңызды саласындағы ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, құрылыс саласын цифрландыру аясында "Ақпараттық модельдердің мемлекеттік банкі" жүйесі енгізілуде. Ол құрылыс объектілерін онлайн форматта, оның ішінде ғимараттарды ақпараттық технологияны (BIM) қолдана отырып, модельдеуге мүмкіндік береді.

«Е-Құрылыс» жүйесі онлайн-режимде қазаншұңқыр қазудан бастап пайдалануға бергенге дейінгі барлық кезеңдегі құрылыс барысын бақылауға мүмкіндік береді.

Үлестік қатысу шарттарын есепке алу үшін "Қазреестр" енгізілді. Ол жосықсыз құрылыс салушылардан үлестік құрылыс бойынша баспана сатып алу тәуекелдерін барынша азайтады.

"Е-Шаңырақ" платформасы - тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық субъектілерінің бірыңғай жүйесі. Ол тұрғын үй қорын басқарудың ашықтығын, салаға мониторинг жасауды және талдауды қамтамасыз етеді.

"Маркетплейс" онлайн-платформасында компаниялар құрылыс материалдарын өндірушілерден делдалдарсыз, тікелей сатып ала алады.

"Жалпы, саланы цифрландыру бойынша қабылданып жатқан шаралар бюрократияны төмендетеді және құрылыстағы рәсімдерді жеңілдетеді. Мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың инвестицияларының қатысуымен салынатын объектілер құнының артуына жол бермеу үшін мемлекеттік сараптама порталында (epsd.kz) онлайн-калькулятор енгізе отырып, құрылысқа жұмсалатын шығындардың шекті лимиттері белгіленді. Сондай-ақ, прайс-парақтардың орнына бірлі-жарым сметалық бағалар мен олардың анықтамалары әзірленуде", - деді Қ.Өскенбаев.

Министрдің айтуынша, бірлі-жарым сметалық бағалар мен олардың анықтамалықтары өңірлер бойынша объектілер құнының ауытқуын, сондай-ақ жобалау және жобалық-сметалық құжаттаманы сараптау кезеңдерінде бағасының артуын болдырмайды.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы
01 февраля 2022
Құрылыс саласында бақылауды күшейтуді қарастыратын заң жобасы әзірленді – ҚР ИИДМ

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары шағымсыз тексере алмайды және объектілерді пайдалануға қабылдауға қатыспайды.

Қазіргі уақытта елімізде құрылыс саласында бақылау әлсіз болғандықтан, кейбір объектілер кемшіліктермен қабылданады.

Мемлекеттік бақылауды күшейту үшін мынадай шұғыл шараларды қамтитын заң жобасы әзірленді:

  1. Аумақта құрылысты сапасыз жоспарлауды болдырмау үшін қала құрылысы сараптамасын енгізу;
  2. Құрылыстың барлық кезеңінде (қазаншұңқыр қазудан бастап абаттандыру жұмыстарына дейін) объектілерге жоспарлы бақылау енгізу және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарының объектілерді пайдалануға қабылдауға қатысуы;
  3. Пайдаланылатын материалдар мен орындалған жұмыстардың сапасына зертханалық және техникалық тексеру жүргізу үшін тәуелсіз мемлекеттік зертханалық қызмет құру.

Мемлекет басшысы 2021 жылғы Жолдауында қалаларды кешенді салудың жаңа стандарттарын әзірлеу қажеттігін айтты.

Осыған байланысты Министрлік Қала аумағын сапалы жоспарлау стандарттарының бірінші редакциясын әзірлеп, мемлекеттік органдар мен ұйымдарға келісуге жіберді.

Стандарттар тартымды және ыңғайлы қоғамдық кеңістік қалыптастырады. Жаяу жүргіншілер мен велосипед инфрақұрылымын дамытуды ескере отырып, жинақы құрылысты жобалаудың қарапайым және көрнекі құралы болады.

Стандарттарды биылғы маусым айында бекіту жоспарланған. Онда  қала аумақтарын кешенді дамыту принциптері; қала аумақтарын дамыту стандарты; қалалардың келбетін қалыптастыру стандарты; бос аумақтарды игеру стандарты;  жобаларды әзірлеу және іске асыру жөніндегі нұсқама қамтылады.

Осы стандарттарды ескере отырып, әкімдіктер әртүрлі көздерден қаржыландырылатын орам/аудан аралық жоспарларды әзірлеп, бекітуі тиіс. Инженерлік инфрақұрылымды, тұрғын үй қорын кезең-кезеңмен реконструкциялаудың кешенді тәсілін әзірлеуі қажет.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы
01 февраля 2022
ҚР ИИДМ мамыр айына дейін тұрғын үй төлемдері бойынша бағдарламаны іске қосуды жоспарлап отыр

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша жылжымайтын мүліктің жеке секторынан баспаны жалға алу шығындарының бір бөлігін мемлекеттік өтеу қағидаларының жобасы әзірленді. Соның аясында табысы төмен 70 мыңға жуық отбасына мемлекеттік қолдау көрсетіледі. 

Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдарда 590 мыңға жуық адам баспана жағдайын жақсартуға мұқтаж ретінде кезекте тұр. Оның 210 мыңы - көпбалалы, 1 және 2 топтағы мүгедектер, жетім балалар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар.

70 мың өтініш берушінің табысы өте төмен, яғни 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз. Оның ішінде 51 мыңы – көп балалы, 10 мыңы – мүгедек, 7 мыңы – мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы және 2 мыңы - жетім балалар. Оларды қысқа мерзім ішінде баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Осы мақсатта ҚР ИИДМ жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған баспана үшін төлемдерді тағайындау қағидаларын әзірледі.

Атаулы көмек қағидаты азаматтар мен мемлекеттің ортақ жауапкершілігіне негізделген, яғни 50%-ы бюджет есебінен жабылса, қалған жартысын өтініш беруші төлейді.

Бағдарлама операторы ретінде Отбасы Банкі анықталды. Банк мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграциялау арқылы кезекте тұрғандардың үйге мұқтаждық өлшемдеріне сәйкестігін тексереді.

Өтініш берушілерге қойылатын басты талаптар: ҚР азаматтығының болуы; отбасының әрбір мүшесіне шаққанда соңғы 6 айдағы жиынтық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 еселенген мөлшерінен аспайтын болуы; расталған жалдау шарты. Сонымен қатар, әкімдік кезегінде өтініш берушінің мәртебесін тексеру қарастырылған.

Министрлік ұсынған нұсқада төлемдерді тағайындау үшін банкке электрондық цифрлық қолтаңба көмегімен жүгінуге болады. Бұл ретте төлемдерді тағайындауға арналған өтінішті және пәтер жалдау шартын бекіту қажет. Отбасы құжаттарын тексергеннен кейін Банк 10 жұмыс күні ішінде ақша қаражатын есептеуі тиіс.

"Азаматтардың жекелеген санаттарының мәселелерін жедел шешу үшін Мемлекет басшысы тұрғын үйді нарықтан жалға алу үшін төлем жасау тетігін әзірлеуді тапсырды. Осыған сәйкес Министрлік өлшемдер мен талаптарға, сондай-ақ жалдау мөлшерлемесінің шекті құнына қатысты ережелер әзірледі. Биыл 70 мың азаматты қолдауға 50 млрд теңге бөлу қажет. Республикалық бюджетке жүктемені азайту үшін жергілікті бюджеттерден қоса қаржыландыру қажет болады. Тұрғын үй төлемдері бағдарламасын толық іске қосуды биыл мамыр айына жоспарлап отырмыз", - деді ҚР ИИДМ басшысы.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы
28 января 2022
Қалалық кеңістікті қалыптастырудың жаңа тәсілдері туралы

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде "Қалалық кеңістікті қалыптастырудың жаңа тәсілдері туралы" дөңгелек үстел отырысы өтті. Оған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қ. А. Өскенбаев, урбанист мамандар, сарапшылар, блогерлер және БАҚ өкілдері қатысты. Жиында елімізде қалалар аумағын жоспарлау ісіне өзгерістер қажеттігі және оны тұрғындардың ұсыныс, пікірлерін ескере отырып, іске асырудың маңыздылығы айтылды.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы
27 января 2022
Қалалар ретсіз, көбінесе жұртшылықтың пікірін ескермей салынуда -Қайырбек Өскенбаев

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстанның урбанистер қауымдастығымен бірлесіп, "Берекелі бастама" порталын іске қосады. Онда әр азамат өз қаласының инфрақұрылымын жақсарту туралы ұсыныстар айтып, өзекті бастамаларға дауыс бере алады.

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстел барысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, қалалардың тұрақты өсуі қала кеңістігін қалыптастырудың жаңа тәсілдерін, қала құрылысы регламенттерін нақты сақтауды талап етеді. Бірақ қазіргі уақытта елімізде қалалардың даму перспективалары мен жұртшылықтың пікірі ескерілмей, ретсіз салынуда.

"Мысалы, Алматы тұрғындары құмырысқа илеуі сияқты тым көп адам тұратын үйлерге, елорда тұрғындары демалыс орындары мен әлеуметтік нысандар салмай, ғимаратар өте тығыз бой көтеріп жатқанына шағымданады. Қазір урабанистер мен қала тұрғындарының пікірлерін ескере отырып, қалаларда өзгеріс жасау - өте маңызды. Әр азамат өз қаласын дамытуға қатыса алуы үшін халық пен мемлекет арасындағы диалогқа баса назар аударуымыз керек. Дәл осы мақсатта Қазақстанның урбанистер қауымдастығымен бірлесіп, "Берекелі бастама" дауыс беру порталын іске қосамыз,- деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.

Қайырбек Өскенбаев порталда қаланың әр тұрғыны инфрақұрылымды жақсарту бойынша ұсыныстар бере алатынын айтты. Барлық жобаларды урбанистер ғылыми тұрғыдан зерттеп, содан кейін үздіктері дауыс беру порталында жарияланады. Оның қорытындылары бойынша қаржыландыру және іске асырудағы басымдықтар айқындалады.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы
27 января 2022
ҚР ИИДМ жеке тұрғын үйді жалға алғаны үшін төлем беру тетігін әзірледі

Атаулы тұрғын үй көмегі жалға алу құнының 50%-ын мемлекет, қалған 50%-ын жалға алушы төлейді қағидатына негізделеді.   

Жеке тұрғын үй қорынан баспананы жалға алғаны үшін берілетін төлемді табысы бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған азаматтарға тарату ұсынылады. Бүгінгі таңда елімізде мұндай 70 мың жан бар. Олар: көп балалы отбасылар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүгедек балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Осы санаттағы азаматтарға жалға берілетін тұрғын үй құнының жартысын тағайындау көзделеді. Оператор ретінде «Отбасы банкін» анықтау ұсынылды.  

Өтініш берушілер үшін мынандай негізгі талаптар қойылады:

1) Қазақстан Республикасының азаматтығы;

2) отбасының (азаматтың) әрбір мүшесіне шаққандағы соңғы 6 (алты) айдағы жиынтық табысы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Заңмен бекітілген ең төмен күнкөріс деңгейінің 1 еселенген шамасынан аспауы;

3) "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңға сәйкес баспанаға мұқтаж ретінде есепке қойылып, тұрғын үйге мұқтаж мәртебесін алуы;

4) тұрғын үйдің меншік иесі мен жалға алушы арасында жасалған, сондай-ақ құқықтық кадастрда тіркелген шарттың болуы.

Айта кету керек, бұл бағдарламаға бюджеттен 50 млрд. теңге қажет болады.

Республикалық бюджетке түсетін жүктемені төмендету мақсатында және жекелеген өңірлер бюджеттерінің тапшылығын ескере отырып, жергілікті бюджеттерден небәрі 10% мөлшерінде қоса қаржыландыру жоспарланып отыр.

Министрлік әзірлеген тетік барлық мүдделі мемлекеттік органдар жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдер тағайындау және жүзеге асыру қағидаларын бекіткеннен кейін ғана күшіне енеді. Төлемдерді тағайындау және жүзеге асыру мәселелері бойынша азаматтар "Отбасы банк"АҚ-ға хабарласа алады.

Социальные сети
Меню подвал
Экран дикторы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы