Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Мемлекеттік қазынашылық комитетінің ұжымымен кездесті

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Мемлекеттік қазынашылық комитетінің ұжымымен кездесті

Дархан Жазықбай өз сөзінде V Ұлттық құрылтайда Президент жариялаған бастамаларға кеңінен тоқталып, мемлекеттік сектордағы ұйымдастыру мәдениетін арттыру мәселелерін атап өтті. Ол мемлекеттік қызметті дамытудың стратегиялық бағыттарын таныстырып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттерді айқындады.

Мемлекеттік басқарудың адамға бағдарланған моделін қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімдерін жаңғырту, сондай-ақ кадрлық салаға цифрлық шешімдерді белсенді енгізу мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар «Заң және тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» және «Адал азамат» қағидаттары Әділетті Қазақстан тұжырымдамасының құндылықтық негізін қалыптастыратыны, ал мемлекеттік қызметші қоғам мүддесінің өкілі ретінде қарастырылатыны атап өтілді.

Агенттік төрағасы «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң жобасының негізгі ережелерін де таныстырды. Ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік қызметшінің азаматтардың қажеттіліктеріне бағдарланған мінез-құлық моделін институционалдық тұрғыдан бекітуге бағытталған. Оның айтуынша, қазіргі заманғы мемлекеттік қызметші — жоғары кәсіби деңгейі, дамыған құзыреттері және жеке жауапкершілігі бар, қоғам тарапынан жоғары талап қойылатын жағдайда тиімді жұмыс істей алатын маман.

Бүгінде мемлекеттік қызметшілер тек мемлекеттік саясатты іске асырушылар ғана емес, сонымен қатар басқарудың жаңа конституциялық моделіне көшудің және оның құндылықтарын іс жүзінде орнықтырудың маңызды қозғаушы күші екені айтылды. Олардың жүйелі еңбегі Конституция жобасының жалпыұлттық референдумда кең қоғамдық қолдау табуына әсер еткен факторлардың бірі болды.

Дархан Жазықбай сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бағытындағы ағартушылық жұмыстың маңыздылығын ерекше атап өтіп, жемқорлыққа төзбеушілік мәдениеті ең алдымен отбасы мен білім беру жүйесінде қалыптасуы тиіс екенін жеткізді.

Кездесулер барысында мемлекеттік қызметтің гибридтік моделін енгізу, жеке және квазимемлекеттік секторлардан кәсіби мамандарды тарту, сондай-ақ «Е-қызмет» цифрлық іріктеу жүйесі арқылы ашықтық пен меритократия қағидаттарын нығайту жөніндегі шаралар таныстырылды.

Кездесулер қорытындысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мемлекеттік қызметті одан әрі жетілдіруге қатысты ұсыныстарын білдірді.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/qyzmet/press/news/details/1161804?lang=ru