«Бәйтерек» жобасы бойынша келісімге қол қойылды

«Бәйтерек» жобасы бойынша келісімге қол қойылды

2020 жылғы 31 қазанда Мәскеу қаласында Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б. Мусиннің «Роскосмос» ғарыш қызметі жөніндегі мемлекеттік корпорацияның бас директоры Д. Рогозинмен жұмыс кездесуі өтті.

Тараптар ғарыш саласындағы Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының өзекті мәселелерін, оның ішінде «Байқоңыр» кешенін одан әрі дамытуды талқылады. «Бәйтерек», «Гагарин старты» жобасы бойынша мәселелер талқыланды.

Кездесу барысында 2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қол қойылды.

Рәсім шеңберінде «Бәйтерек» ҒЗК құру бойынша қызметтер көрсетуге арналған келісімшартқа қол қойылды, оған өз кезегінде «ЦЭНКИ» АҚ Бас директоры Андрей Охлопков және ««Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны» АҚ Бас директоры Қуат Мұстафинов қол қойды.

Анықтама ретінде: «Бәйтерек» ҒЗК объектісі экологиялық қауіпсіздіктің жоғары деңгейімен ресейлік «Союз-5» тасымалдағыш зымыранымен және оның ықтимал түрлендірулерімен ғарыш аппараттарын ұшыруға арналған кешен болып табылады. Бұл жобада Ресей тарапы «Союз-5» зымыран тасығышын, техникалық және ұшыру кешендерінде бақылау-тексеру аппаратурасын жасауды, сондай-ақ үдеткіш блоктың, ғарыш аппаратының және ғарыш бас бөлігінің техникалық кешенін жаңғыртуды қамтамасыз етеді. Қазақстан тарапы «Зенит-М» ғарыш зымыран кешенінің жерүсті инфрақұрылымы объектілерін қайта құру мен жаңғыртуды жүргізеді.