
Байқоңыр ғарыш айлағында кезекті ғарыш миссиясына дайындық аяқталуда. Бүгін, 27 мамырда «Союз-2.1а» ғарыш зымыраны мен «Прогресс МС-27» жүк кемесі Байқоңыр ғарыш айлағының 31-ші алаңындағы старттық кешенге шығарылып, орнатылды деп хабарлайды «KAZINFORM» тілшісі.
Алдын ала старттық жұмыстар тікелей ұшыру алаңында үш тәулікке созылады. Зымыран тік күйге орнатылғаннан кейін, Роскосмос мамандары ұшыруға дайындықты жалғастырады.
«Союз-2.1а» тасымалдаушы зымыранының «Прогресс МС-27» жүк кемесімен ұшырылуы 30 мамыр күні Астана уақыты бойынша 14:42-ге жоспарланған.

Ғарыштық жүк кемесі Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) 2,5 тоннадан астам жүктерді жеткізеді, олардың ішінде станция жүйелеріне арналған аппаратура мен жабдықтар, ғылыми эксперименттерге арналған қондырғылар, киім, азық-түлік, 71-ші ұзақ мерзімді экспедиция экипажына арналған медициналық және санитарлық-гигиеналық құралдар, станцияны жанармаймен толтыруға арналған отын, ғарышкерлерге арналған ауыз су және ХҒС атмосферасын толықтыруға арналған 40 кг азот бар.
Ғарыш айлағындағы дереккөздің ақпаратына сәйкес, ұшыруға жаңадан тағайындалған Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев бастаған қазақстандық делегация келуі тиіс. Роскосмос басшылығымен келіссөздер барысында Қазақстан мен Ресейдің ғарыш ведомстволарының ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланады деп күтілуде.
Автор - Нургалиева Сара Кабикызы