
Астанада Nazarbayev University алаңында ғарыш агенттіктерінің, халықаралық ұйымдардың, бизнес, ғылым және технологиялық қоғамдастық өкілдерінің басын қосқан Space Days Kazakhstan 2026 халықаралық форумы өз жұмысын бастады.
Биылғы форумға 50-ден астам елден өкілдер, 60-тан астам бейінді спикер және 900-ден астам қатысушы жиналды. Осылайша, форум Орталық Азиядағы ғарыш саласын дамытудың перспективаларын талқылауға арналған ең ірі халықаралық алаңдардың біріне айналды.
Халықаралық қатысушылар қатарында Қытай, Әзербайжан, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Франция, Германия, АҚШ және басқа да елдердің жетекші ғарыштық және технологиялық ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ халықаралық ғарыш агенттіктері мен әлемнің ірі аэроғарыштық компанияларының өкілдері бар.

Форумға China Great Wall Industry Corporation, Eutelsat, SES және Thales Alenia Space сияқты жетекші халықаралық компаниялардың қатысуы ерекше маңызға ие. Бұл компаниялардың өкілдері спутниктік байланыс, ғарыштық инфрақұрылым және жаңа ғарыштық сервистерді дамыту мәселелерін талқылауға қатысуда.
Пленарлық сессия форумның іскерлік бағдарламасын ашты
Форумның бірінші күні Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев ашқан пленарлық сессиямен басталды.
Өзінің құттықтау сөзінде Жаслан Мадиев Қазақстанның ғарыш саласын дамытудың үш негізгі басымдығын – деректер, технологиялар және адамдар деп белгіледі.
«Деректер, технологиялар және адамдардан тұратын үш негізгі басымдық Қазақстанға бәсекеге қабілетті ғарыштық өнімдер мен қызметтерді құруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Жаслан Мадиев.
Министр Қазақстан форумнан практикалық нәтижелер, нақты уағдаластықтар және жаңа бірлескен жобалардың іске қосылуын күтетінін атап өтті. Сондай-ақ Space Days Kazakhstan форумын кәсіби диалог пен халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге арналған дәстүрлі халықаралық алаң ретінде дамытудың маңызын айтты.
Пленарлық талқылау барысында халықаралық ғарыштық кооперацияны дамытудың перспективалары және ғарыштық технологиялардың мемлекеттердің экономикалық және технологиялық дамуына қосатын үлесі де талқыланды.
