
2025 жылғы 18 шілдеде Әзербайжанның Баку қаласында Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Ислам ұйымының (ICESCO) Аймақтық офисі ұйымдастырған алғашқы аймақтық семинар өтті. Іс-шараға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан делегациялары қатысты. Семинардың басты мақсаты - Орталық Азия мен Кавказ елдері арасындағы мәдени, білім беру және ғылыми ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ орнықты даму мен инновация салаларында ортақ стратегиялар әзірлеу болды.
Қазақстан Республикасының атынан семинарға Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Алан Аманжолұлы Казкенов қатысты. Сонымен қатар қазақстандық делегация құрамында «Ғарыштық техника және технологиялар институты» ЖШС-нің өкілдері және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетінің өкілі болды. Алғашқы панельдік сессия аясында Алан Аманжолұлы Казкенов «Аэроғарыш саласындағы білім, ғылым және технологиялар бағытындағы Қазақстанның белсенділігі» тақырыбында баяндама жасады.
Баяндама барысында ол Қазақстанның технологиялық шешімдерді дамытуға, инженерлік кадрларды даярлауға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған ұлттық стратегияларды белсенді іске асырып жатқанын атап өтті. Білім беру саласындағы UniSat (ЮНИСЕФ-пен бірлескен жоба) сияқты инклюзивті бағдарламалар, жетекші жоғары оқу орындарындағы академиялық бастамалар және инновациялық жобалар - OTS Sat спутнигі, жасанды интеллект негізіндегі шешімдер мен инженерлік байқаулар мысал ретінде келтірілді.
Сонымен қатар, экономиканың түрлі секторларын ғарыштық мониторингілеу, апаттар мен төтенше жағдайларда спутниктік жедел әрекет ету жүйесін енгізу тәжірибесі, IoT спутниктік байланыс құрылғылары арқылы интернет заттар жүйесін дамыту, Ай орбитасындағы телескоп жобасы, сондай-ақ когнитивтік тұрақтылыққа арналған SANA экспериментіне дайындық секілді бірқатар бастамаларды таныстырды.
ICESCO аясында ашық спутниктік деректердің аймақтық банкін құру және бірлескен білім беру бағдарламалары арқылы орнықты әрі өзара тиімді даму негіздерін қалыптастыру жөнінде ұсыныстар айтылды.

Іссапар аясында қазақстандық делегация Әзербайжан Республикасының «Азеркосмос» ғарыш агенттігінің өкілдерімен кездесу өткізіп, тараптар болашақтағы ықпалдастық пен бірлескен жобалар бойынша пікір алмасты.
Іс-шара қорытындысында Қазақстан делегациясы ICESCO семинарына қатысушыларды, сондай-ақ «Азеркосмос» өкілдерін 2025 жылғы 8–9 қыркүйекте Алматы қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында өтетін «Space Days Kazakhstan 2025» халықаралық форумына қатысуға шақырды.