ИКАО жанындағы ҚР Тұрақты өкілі ТШЖЖЕ кездесуіне қатысты

ИКАО жанындағы ҚР Тұрақты өкілі ТШЖЖЕ кездесуіне қатысты

Оттава, 2025 жылғы 24 сәуір. Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (бұдан әрі – ИКАО) жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі  Тимур Тлегенов Азаматтық авиация саласындағы нақты қажеттіліктерді айқындау жөніндегі Талдау құжатын талқылау үшін теңізге шығатын жолдары жоқ елдердің (бұдан әрі - ТШЖЖЕ) Бейресми жұмыс тобының 4-ші отырысына қатысты.

Іс-шараға Ауғанстан, Молдова, Моңғолия, Непал, Руанда мен Эфиопияның Канададағы Елшілері, Зимбабвенің ИКАО жанындағы Тұрақты өкілі Мунярадзи Ванива (Mr. Munyaradzi Waniwa), ИКАО Әлеуетті дамыту және енгізу бюросы серіктестік және ресурстарды жұмылдыру бөлімінің басшысы (бұдан әрі – CDI) Тилли Де Бодт (Ms. Thilly De Bodt), Оттавада аккредиттелген Боливия, Буркина-Фасо, Замбия, Мали мен Солтүстік Македонияның дипломаттары, сондай-ақ CDI өкілдері қатысты.

ИКАО жанындағы ҚР-дың Тұрақты өкілі өз сөзінде Қазақстанның азаматтық авиация саласындағы қазіргі жай-күйі мен жетістіктері, авиация бағытындағы ИКАО және басқа да халықаралық ұйымдармен ағымдағы ынтымақтастықтың деңгейі, сондай-ақ ҚР-дың ТШЖЖЕ-ні қолдау мен өзара іс-қимылды іске асыруға бағытталған іс жүзіндегі қадамдары мен бастамалары туралы айтты.

Атап айтқанда, Қазақстан ТШЖЖЕ-нің қатарында белсенді елдерінің бірі болып табылатыны және 2003 жылы Алматыда өткен БҰҰ-ның ТШЖЖЕ бойынша бірінші конференциясының, сондай-ақ 2009, 2012, 2015 және 2018 жылдары Астана мен Алматыда өткен министрлер деңгейіндегі кездесулердің бастамашысы болғаны атап өтілді.

Баяндаманың қорытындысында ИКАО мен ТШЖЖЕ арасындағы ынтымақтастықтың осы форматына қолдау жарияланды.

Осы кездесудің бастамашысы, Моңғолияның Канададағы Елшісі Сарантогос Эрдэнэцогт (Ms. Sarantogos Erdenetsogt) ТШЖЖЕ үкіметтерін азаматтық авиация саласын дамытуға бағытталған ИКАО-ның осы жобасын қолдауға шақырды.

Сонымен қатар, отырыста сөз сөйлеген ИКАО өкілдері ТШЖЖЕ үшін қажеттіліктерін талдау туралы презентация жасады, онда 32 ел үшін жыл сайын 2,7 миллион жұмыс орнын және 20 миллиард АҚШ доллары табысын қамтамасыз ететін азаматтық авиация саласының осы мемлекеттер үшін маңыздылығын атап өтті.

Іс-шарада сөз сөйлеген шетелдік елшілер мен дипломаттар да LLDC-ді қолдауға бағытталған бұл жобаны жүзеге асыру үшін өздерінің ой-пікірлерімен бөлісті.

Кездесу іскерлік және сындарлы ахуалда өтті. Қорытындысы бойынша, 2025 жылғы 5-8 тамызда Түрікменбашы қаласындағы (Түрікменстан) «Аваза» туристік аймағында жоспарланған БҰҰ-ның ТШЖЖЕ бойынша 3-ші конференциясының жеке сессиясы аясында ТШЖЖЕ-ге нақты қажеттіліктерді анықтау бойынша Талдау мәселелері талқыланатыны атап өтілді.