ИКАО жанындағы ҚР-дың Тұрақты өкілі FALC-2025 қатысты

ИКАО жанындағы ҚР-дың Тұрақты өкілі   FALC-2025 қатысты

2025 жылғы 14-17 сәуір аралығында Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (бұдан әрі – ИКАО) жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов Формальдылықты оңайлату жөніндегі ИКАО конференциясына (FALC-2025) қатысу үшін Катар Мемлекетінің астанасы Доха қаласына жұмыс сапарымен барды.

Іс-шараға ИКАО Кеңесінің президенті Сальваторе Шаккитано, ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар, Катар Көлік министрі шейх Мұхаммед бен Абдалла бен Мұхаммед Әл Тани, Катар Авиациялық билігінің президенті Мұхаммед Фалех Әл Хажри, сондай-ақ басқа мемлекеттердің авиациялық билік органдарының басшылары, көлік және азаматтық авиация министрлері мен вице-министрлері, ИКАО-ға мүше елдердің тұрақты өкілдері және ИКАО құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Қазақстандық делегацияның құрамында министрлердің қатысуымен өткен жоғары деңгейлі отырысында баяндама жасаған Көлік вице-министрі Талғат Ластаев, Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева және «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ өкілдері болды.

Конференция алаңында қазақстандық делегация ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласармен кездесті.

ИКАО басшысы өткен жылдың желтоқсан айында Ақтау қаласында Әзербайжан әуе көлігінің апатқа ұшырау себептері туралы алдын ала жарияланған баяндаманы және осы авиациялық оқиғаға тергеу жүргізу бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелерін жоғары бағалады. Қазақстанның азаматтық авиацияны дамытудағы өңірдегі көшбасшылығы аталып, Қазақстанның азаматтық авиациясын дамытудың Мастер-жоспарын әзірлеу және Қазақстанда өңірлік ИКАО іс-шараларын өткізудегі ынтымақтастық талқыланды.

Қазақстандық тарап ИКАО бастамаларын қолдауға өзінің бейілділігін растады.

Сонымен қатар, Әуе көлік бюросының (ATB) директоры Мұхамед Рахмамен және Катар Мемлекетінің авиациялық билік органдарының басшысымен кездесулер өтті. Олардың барысында Әмбебап аудит бағдарламасы (USAP-CMA) аясында Қазақстандағы алдағы ИКАО-ның авиациялық қауіпсіздік бойынша аудит мәселелері мен халықаралық авиация саласындағы өзара қолдау және екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.

Конференция барысында мемлекеттік шекараны кесіп өту кезінде әуежайдағы формальдылықты жеңілдету, жолаушыларды идентификациялау, төлқұжаттарды тексеру және т.б. кең ауқымды мәселелердің қарастырылғанын бөлек атап өткен жөн.

Конференцияға қатысушылар формальдылықты жеңілдету жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша өздерінің ой-пікірлерімен және көзқарастармен бөлісті.

Конференцияның қорытындысы бойынша Дохалық декларация қабылданды.