Монреаль қаласында Наурыз мейрамы сән-салтанатпен кеңінен тойланды

Монреаль қаласында Наурыз мейрамы  сән-салтанатпен кеңінен тойланды

Монреаль, 2025 жылғы 23 наурыз. Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (бұдан әрі – ИКАО) жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілдігінің, Қазақстан Республикасының Канададағы Елшілігінің және Монреаль қазақтарының «Достар» қауымдастығының ықпалдасуымен Наурыз мейрамы тойланды.

Іс-шараға ИКАО жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов, ИКАО жанындағы ҚР-дың Тұрақты өкілдігі мен ҚР Оттавадағы Елшілігінің қызметкерлері, Монреальде тұрақты тұратын қазақстандықтар, студенттер, Канададағы қазақ, әзербайжан, қырғыз, тәжік пен өзбек диаспораларының өкілдері және биылғы 10 жылдығын тойлайтын «Достар» қауымдастығының достары қатысты.

Канаданың Квебек, Оттава, Торонто және басқа да провинцияларында тұратын қазақтар Наурыз мейрамын тойлау үшін Монреальге арнайы келген.

ИКАО жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі өз сөзінде барша жұртшылықты Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамымен құттықтап, оның қазақ халқы үшін маңызы мен еліміздегі мерекелеу дәстүрлері туралы айтты.

Ол бүгінде Қазақстанда 3000 жылдан астам тарихы бар, көктемнің келуін бейнелейтін көне Наурыз мейрамы жалпы адамзаттың жаңаруға, бейбітшілік пен берекеге деген ұмтылысын білдіретінін атап өтті.

Наурыздың әлемдік сахнада тойлауына тоқтаған Тимур Тлегенов 2009 жылы ЮНЕСКО бұл мерекені адамзаттың мәдени мұрасы тізіміне қосып, оның терең мәдени мәні мен әртүрлі қауымдастықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтудағы рөлін көрсететіні, ал 2010 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 21 наурыз күнін Халықаралық Наурыз күні деп жариялайтын Резолюцияны қабылдағаны туралы жиналған қауымға жеткізді.

Іс-шара барысында «Достар» қазақ қауымдастығының мүшелері мен Монреальдегі әзербайжан және өзбек диаспораларының өкілдері сөз сөйледі.

Мереке аясында қонақтар қазақтың ұлттық тағамдары – Наурыз көже, бесбармақ, қуырдақ, палау, сондай-ақ тәттілер қосылған қазақ шайынан дәм татып, түрлі байқаулар мен додаларға, соның ішінде арқан тарту, қамырды орау, балаларға арналған бәйге мен «Наурыздың ең дәмді тағамы» атты ойындарына қатысты.

Қазақ диаспорасының Канададағы өкілдері де қонақтарға қазақтың ұлттық билері – Қамажай мен Қара жорғаны көрсетті.

Іс-шараның соңында іс-шараның қонақтары мен қатысушылары Қазақстан халқын Наурыз мерекесімен бәрі бірге құттықтады.

Бұл Наурыз мерекесі Квебек провинциясында 2020 жылдан бері алғаш рет тойланғанын ерекше атап өту қажет.

      ИКАО жанындағы ҚР Тұрақты өкілдігі