
2026 жылғы 14–16 сәуір, Марракеш қ. (Марокко Корольдігі). Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов мырза ИКАО-ның стандарттарды енгізу мен мемлекеттерге қолдау көрсету мәселелері жөніндегі негізгі іс-шарасы болып табылатын 5-ші Жаһандық енгізуді қолдау симпозиумына (GISS-2026) қатысты.
Қазақстан делегациясының құрамына Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева ханым, Қазақстан Республикасының Марокко Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Сәулекүл Сайлауқызы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мароккодағы Елшілігінің қызметкерлері мен «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ, «Air Astana» және «SCAT» өкілдері кірді.
Симпозиум жұмысына ИКАО Кеңесінің Президенті Тошиюки Онума мырза, ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар, сондай-ақ ИКАО-ға мүше 101 мемлекеттен 1450 делегат қатысты.
Симпозиум барысында қатысушылар ұшу қауіпсіздігі, авиациялық қауіпсіздік, авиацияның орнықтылығы мен жаһандық авиациялық байланыстылықты арттыруға бағытталған міндеттемелерді, серіктестіктер және бастамаларды әзірлеу мәселелерін талқылады.
Барлық мемлекеттердің ИКАО стандарттары мен ұсынылатын практикасын (SARPs) тиімді енгізу қабілетін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды.
GISS-2026 бағдарламасына ұшу қауіпсіздігі; авиациялық қауіпсіздік; аэронавигацияның тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету; жаһандық авиациялық байланыстылықты дамыту; авиациядағы нөлдік өлім көрсеткішіне қол жеткізу; жаңа технологияларды енгізу; өңірлік ынтымақтастық; экономикалық өсуді, туризм мен сауданы ынталандыру; авиациялық инфрақұрылымды дамыту және авиация секторына инвестициялар тарту мәселелері бойынша панельдік сессиялар енгізілді.
Симпозиумның негізгі элементі Көлік және азаматтық авиация министрлері мен вице-министрлері қатысқан Министрлік дөңгелек үстел болды. Оның қорытындысы бойынша мемлекеттердің ИКАО стандарттарын ұжымдық енгізуге бейілділігі расталған Марракеш іс-қимылға шақыруы қабылданды.
Құжат ИКАО-ның «Ешбір мемлекет назардан тыс қалмайды» стратегиялық бастамасын іске асыруға бағытталған.
Симпозиум аясында Қазақстан делегациясы Ангола, Белиз, Гвинея-Бисау, Дания, Индонезия, Канада, Куба, Марокко, Нигерия, Сингапур, Тәжікстан, Уганда, Үндістан, Франция мен Экваторлық Гвинея делегацияларының басшыларымен кездесулер өткізіп, азаматтық авиация саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Симпозиум азаматтық авиацияның жаһандық деңгейде тұрақты экономикалық даму, халықаралық байланыс пен сауда-экономикалық қатынастарды кеңейтудің негізгі факторларының бірі ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын айқын көрсетті. Сонымен қатар, ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыруға, сондай-ақ саланың тұрақты және қауіпсіз дамуын қамтамасыз етуге бағытталған ИКАО стандарттары мен ұсынылатын практикасын тиімді енгізудің маңыздылығы расталды.
ИКАО болжамдарына сәйкес, 2050 жылға қарай әлемдік әуе тасымалдарының көлемі айтарлықтай өседі: жолаушылар ағыны шамамен үш есеге артып, жылына 12,4 млрд. жолаушыға жетеді, ал жүк тасымалының көлемі 2,5 есеге ұлғаяды. Бұл өсімнің негізгі бөлігі дамушы экономикалары бар мемлекеттерге тиесілі болады, бұл халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың және азаматтық авиацияның халықаралық стандарттарын енгізу саласында мемлекеттердің әлеуетін арттырудың маңыздылығын көрсетеді.