
2026 жылғы 22 қаңтар, Монреаль, ИКАО штаб-пәтері. Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар мырзаның шақыруымен ИКАО жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов мырза ИКАО-ның Трансформациялық мақсатын қолдауға және теңізге тікелей шығу мүмкіндігі жоқ дамушы елдер үшін авиациялық қажеттіліктерді талдауды (Aviation Needs Analysis for LLDC) дайындауға Қазақстанның авиациялық билік органдарының қосқан үлесіне арналған ресми салтанатты рәсімге қатысты. Аталған екі бастама жаһандық авиациялық жүйелердің орнықтылығын, инклюзивтілігін және ұзақ мерзімді тұрақты дамуын арттыруға бағытталған ИКАО-ның флагмандық жобалары болып табылады.
Іс-шараға ИКАО-ның Әлеуетті дамыту және іске асыру бюросының уақытша директоры Мигель Марин мырза, сондай-ақ ИКАО жанындағы ҚР Тұрақты өкілдігінің және ИКАО Хатшылығының қызметкерлері қатысты.
Өз сөзінде Тимур Тлегенов мырза Қазақстанның Ұйыммен белсенді әрі жүйелі өзара іс-қимылға бейілділігін атап өтіп, азаматтық авиация саласындағы елдің қол жеткізген жетістіктері мен жоғары көрсеткіштеріне тоқталды.
ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар мырза Қазақстан тарапына және ИКАО жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілдігіне көрсетілген қолдау мен ИКАО-ның басым мақсаттарын іске асыруға қосқан елеулі үлесі үшін алғысын білдірді. Ол қазақстандық Тұрақты өкілдіктің ИКАО алаңындағы белсенді әрі конструктивті қызметін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, ол Қазақстанның басшылығына ризашылығын білдіріп, ИКАО жанындағы Тұрақты өкілдіктің ашылуының стратегиялық маңызын атап көрсетті және Хатшылық оның қызметіне жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Қазақстан Республикасы халықаралық азаматтық авиацияның болашағын айқындайтын ИКАО-ның негізгі стратегиялық бастамаларын қолдауды одан әрі нығайтып, Ұйымның «Ешбір ел назардан тыс қалмайды» стратегиялық мақсатына адалдығын тағы да растады.
Салтанатты рәсім конструктивті және сенімге негізделген жағдайда өтті.