ИКАО Кеңесінің жаңа Президенті сайланды

ИКАО Кеңесінің жаңа Президенті сайланды

Монреаль, 2025 ж. 26 қараша. – Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов мырза ИКАО Кеңесінің 236-сессиясының 8-отырысына қатысты.

Бұл отырыстың аясында ИКАО Кеңесінің Президентін сайлау өтті. Үміткерлер: Жапонияның ИКАО Кеңесіндегі Тұрақты өкілі, Төтенше және Өкілетті Елші Тошиюки Онума және Мысыр Араб Республикасының Азаматтық авиация министрі, ИКАО Кеңесіндегі Тұрақты өкілі доктор Самех Ахмед Зәки Әлхефни болды.

Дауыс беру қорытындысы бойынша 36 дауыстың 22-сін жинаған елші Тошиюки Онума жеңіске жетті. Ол ИКАО Кеңесінің Президенті ретінде 2025 жылғы шілдеде Қазақстанға тарихи алғашқы сапар жасаған Сальваторе Шаккитано (Италия) мырзаның орнында болады.

Т. Онуманың өкілеттік мерзімі 2026 ж. 1 қаңтардан 2028 ж. 31 желтоқсанға дейін белгіленді және ол екінші үш жылдық мерзімге қайта сайлану құқығына ие.

Нәтижелер жарияланғаннан кейін ИКАО-ның Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар мырза елші Т. Онуманы жеңіспен құттықтап, алдағы жұмыста қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. «Тошиюки Онума мырзаның ИКАО Кеңесінің Президенті болып сайлануы – әлемдік авиацияның трансформациялық кезеңінде халықаралық қауымдастықтың сенімі мен жоғары үміттерінің көрінісі», – деді Бас хатшы.

С. Шаккитано атап өткеніндей: «Кеңестің Президенті 2050 жылға қарай – нөлдік өлім-жітім және нөлдік көміртек шығарындылары бар – баршаға арналған әуе көлігі жөніндегі ортақ көзқарастың айналасында ИКАО-ның 193 мүше мемлекетін біріктіруде шешуші рөл атқарады, сондай-ақ осы мақсатқа қол жеткізу үшін ынтымақтастықты, инновацияларды және кадрлар әлеуетін алға бастырады».

«Консенсусқа қол жеткізу – көпжақты әрекеттестіктің басты тірегі және Президент үшін әрдайым басым бағыт болуы тиіс», – деді С.Шаккитано.

Өз сөзінде Т. Онума алдындағы Президентке алғыс айтып, ИКАО-ның стратегиялық құжаттарында айқындалған міндеттерді орындау үшін бар күшін салатынын жеткізді.

Сонымен қатар Аргентина, Аустралия, БАӘ, Белиз, Италия, Канада, Қатар, Марокко Оңтүстік Африка Республикасы, Сауд Арабиясы, Сингапур мен Эквадордың  тұрақты өкілдері Т. Онуманы құттықтады.

Елші Т. Онума азаматтық авиация саласында 20 жылдан астам тәжірибеге ие. Ол ұлттық және халықаралық авиациялық саясатты қалыптастыруда, соның ішінде декарбонизация бастамаларын басқаруда маңызды рөл атқарған. Бұған дейін ол Жапонияның Жер, инфрақұрылым, көлік және туризм министрлігінде басшылық қызметтер атқарған. Токио университетінің заң факультетін бітірген, Пенсильвания университетінің Құқық мектебінен құқық магистрі дәрежесін алған.