Қазақстан Республикасы ИКАО-ның 42-ші Ассамблеясында сөз сөйледі

Қазақстан Республикасы ИКАО-ның 42-ші  Ассамблеясында сөз сөйледі

Монреаль, 2025 жылғы 27 қыркүйек. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева ханым Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) Ассамблеясының 42-ші сессиясында сөз сөйледі.

Өз баяндамасында делегация басшысы авиацияның Қазақстан үшін экономиканы, инвестицияны, туризмді және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін стратегиялық сала ретіндегі рөлін атап өтті.

Салтанат Томпиева Қазақстан жаһандық авиация қауымдастығына белсенді түрде қатысатынын айтты: 2024 жылы ИКАО жанындағы Тұрақты өкілдік ашылып, бұл елдің халықаралық авиациялық күн тәртібін қалыптастыруға ұмтылысын көрсетеді.

Өз сөзінде ол Қазақстанның авиация саласындағы трансформациясы туралы айтты. Оның ішінде – Қазақстан Авиациялық әкімшілігінің құрылуы, еуропалық модельге негізделген реттеу реформасы және ИКАО стандарттары мен ұсынылған тәжірибелерін 82% деңгейінде енгізу. ИКАО-мен жүйелі ынтымақтастықтың арқасында Қазақстанның заңнамасын жаңартып, инфрақұрылымды жаңғыртуда, сондай-ақ «Ашық аспан» режимін енгізу арқылы әуе тасымалдары нарығын ырықтандырып, халықаралық бағыттар географиясын тұрақты түрде кеңейтуде.

2025 жылғы шілдеде ИКАО Кеңесі Президентінің Қазақстанға жасаған сапары және 2050 жылға дейінгі азаматтық авиацияның Даму мастер-жоспарына қол қойылуы ерекше атап өтілді. Бұл құжат авиация саласының ұзақ мерзімді даму басымдықтарын айқындайды.

Делегация басшысы гендерлік теңдік, инновациялар және орнықты даму, соның ішінде көміртегі шығарындыларын азайту және экологиялық таза технологияларды енгізу жобаларын ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.

«Авиация – бұл адамдар мен мәдениеттер арасындағы үміт көпірі. Қазақстан халықаралық азаматтық авиацияның дамуына өз үлесін қоса береді», – деді Салтанат Томпиева.

Қазақстан Республикасы ИКАО Ассамблеясында сөз сөйлеген Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет болды.