
2025 жылғы 25 қыркүйек, Монреаль. ИКАО Ассамблеясының 42-ші сессиясы аясында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрайымы Салтанат Томпиева ханым және ИКАО жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов мырза Жапония халықаралық авиация жөніндегі Вице-министрінің көмекшісі Риэка Накаяма ханыммен және ИКАО жанындағы Жапонияның Тұрақты өкілі Тошиюки Онума мырзамен кездесу өткізді.
Кездесу барысында екі ел арасындағы әуе қатынасы мәселелері талқыланды. Тараптар Қазақстан мен Жапония арасындағы шарттық-құқықтық база тұрақты әуе тасымалдарын жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Іскерлік, туристік және мәдени байланыстарды нығайтуға қызығушылық артып келе жатқанын ескеріп, қазақстандық тарап Жапониямен тікелей әуе қатынасын қайта қалпына келтіруге мүдделілік білдірді.
Жапон тарапы әуе қатынасын қалпына келтіру және елдер арасындағы ынтымақтастықты тереңдету үшін бірлескен күш-жігердің маңыздылығын атап өтті. Алғашқы қадам ретінде қазақстандық «Air Astana» және жапондық «All Nippon Airways» пен «Japan Airlines» әуекомпаниялары арасында тығыз өзара іс-қимылды орнату ұсынылды. Қазіргі уақытта тараптар арасында коммерциялық (интерлайн) келісімдерге қол қойылған.
Кездесу сенімді және сындарлы атмосферада өтті.
Анықтама: Интерлайн келісімі – бұл авиакомпаниялар арасындағы негізгі коммерциялық келісім түрі, ол жолаушының сапарының бірнеше сегментін (мысалы, «Air Astana» және серіктес авиакомпаниялардың рейстерін) бір билетпен ресімдеуге мүмкіндік береді.
Мұндай билет иелері кеңейтілген бағыттар желісіне қол жеткізеді. Сонымен қатар, интерлайн келісімі аясындағы сапар кезінде жолаушылардың багажы соңғы межелі пунктке дейін тіркелуі мүмкін, бұл аралық әуежайларда багажды қайта алу және тіркеу қажеттілігін жояды. Алайда, жолаушылар серіктес авиакомпанияның келесі рейсіне аралық әуежайда тіркелуі қажет.