ИКАО Кеңесінің Президенті С.Шаккитаноның Қазақстан Республикасына алғашқы сапары туралы

ИКАО Кеңесінің Президенті С.Шаккитаноның Қазақстан Республикасына алғашқы сапары туралы

Астана, Алматы, 2025 жылғы 7-11 шілде. Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) Кеңесінің Президенті Сальваторе Шаккитано мырзаның Қазақстан Республикасы тарихындағы алғашқы ресми сапары Астана және Алматы қалаларына өтті. Сапар аясында ИКАО Кеңесінің басшысын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, мырза, Премьер-Министрі Олжас Бектенов мырза, Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мырза қабылдады, сондай-ақ ол «Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі» АҚ, Қазақстанның Азаматтық авиация академиясы, Алматы Халықаралық әуежайы мен «Air Astana» әуекомпаниясының басшылығымен кездесті.

ИКАО Кеңесі Президентінің сапары ҚР Көлік министрлігі мен ИКАО арасындағы бірлескен декларациясына, сондай-ақ 2050 жылға дейін Азаматтық авиация саласын дамыту бойынша Мастер-жоспарына (САМР) қол қойылуымен ерекшеленді. Мастер-жоспар Қазақстанға ИКАО тарапынан 2026-2050 жылдары кезеңіне саланы дамытудағы қолдауын көздейді. Қазақстан саланы жетілдірудің мұндай платформасын құрған Орталық Азиядағы тұңғыш мемлекеті болып табылады.

С.Шаккитано Қазақстанды өңірлік авиация орталығына айналуға барлық мүмкіндігі бар азаматтық авиация саласы бойынша Орталық Азия елдері үшін үлгі деп атады.

«Қазақстан өзінің азаматтық авиация жүйесін дамытуда айтарлықтай жетістіктерге жетті, бүкіл Орталық Азияда жоғары стандарттарды орнатып, өңірлік мемлекеттерге тамаша үлгі болуда», - деп айтты С.Шаккитано. «ИКАО жаһандық авиациялық қауымдастықтың негізгі мүшесі Қазақстанның авиациялық секторын одан әрі дамыту үшін қолдау көрсетуге ұмтылуда».

ИКАО жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов мырза Астана мен Алматы қалаларына сапары барысында ИКАО Кеңесінің Президентімен бірге болды.

* * *

Астана, 2025 жылғы 8 шілде. Мемлекет басшысымен кездесуде азаматтық авиация саласының өзекті мәселелері мен Қазақстан және ИКАО арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.

Атап айтқанда, кездесу барысында Қазақстанның өңірде дербес Авиациялық әкімшілігін құрған алғашқы ел екені атап өтілді. Бұл қадам ұшу қауіпсіздігіне бақылауды айтарлықтай күшейтуге мүмкіндік берді. Өткен жылдан бері Монреаль қаласында (Канада) ИКАО жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілдігі жұмыс істей бастады.

Халықаралық әуе тасымалдарының географиясы кеңейіп келеді. Бүгінде Қазақстан әлемнің 30-дан астам елімен тікелей әуе қатынасын жолға қойды. Нью-Йорк, Токио және Сингапур қалаларына рейстер ашу мәселесі пысықталып жатыр.

Қазақстан Президенті былтыр Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында жаңа терминалдар пайдалануға берілгенін айтты. Соның ішінде, Алматы әуежайының өткізу қабілеті алты есе, яғни, жылына 2,5 миллионнан 14 миллион жолаушыға дейін ұлғайды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан мен ИКАО арасында қол қойылатын азаматтық авиация Мастер-жоспарының маңызына тоқталды. Аталған құжат авиация секторын ұзақмерзімді дамыту стратегиясы ретінде қарастырылады.

Өз кезегінде ИКАО Кеңесінің Президенті еліміздің азаматтық авиация саласындағы жетістіктерімен құттықтады. Ол Қазақстанда авиация қарқынды дамып, орнықты өсім көрсетіп отырғанына және нақты құрылымы жасақталғанына назар аударды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев авиация саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мен нығайтуға қосқан үлесі үшін Сальваторе Шаккитаноны I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

«Осы марапатты қабылдау мен үшін үлкен мәртебе және осы мүмкіндікті пайдаланып, Қазақстанды қауіпсіздікті қадағалау мүмкіндіктерін айтарлықтай арттырған автономды, жақсы ресурстары бар және тиімді азаматтық авиацияны қадағалау органының құрылуымен құттықтаймын», - деді С.Шаккитано.

Екі жақты кездесу Қазақстан мен ИКАО-ның азаматтық авиация, ұшу қауіпсіздігі және авиациялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту бойынша бірлескен күш-жігерге бейілділігін көрсетті.

* * *

Астана, 2025 жылғы 8 шілде. ИКАО Кеңесінің Президенті С.Шаккитано Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновпен келіссөздер жүргізді.

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтық авиацияны дамытуға және әуе көлігінің жолаушылардың барлық санатына қолжетімді болуына көп көңіл бөлетінін атап өтті. Жаңа әуежайлар мен әуеайлақтарды салу және жұмыс істеп тұрған әуежайларды жаңғырту аса маңызды.

Қазақстанда жүргізілген құрылымдық және заңнамалық реформалар саланы британдық модель бойынша дамыту үшін жағдай жасады. ҚР авиация саласының ИКАО стандарттарына сәйкестік деңгейі 2009 жылғы 47%-дан биыл 82%-ға дейін өсті, бұл Польша, Чехия, Дания сияқты және тағы да басқа Еуропа мемлекеттерінің көрсеткіштерімен салыстырылады. Бұл Еуропалық Одақ елдеріне ұшуды кеңейтуге мүмкіндік берді. 

«Біз халықаралық азаматтық авиация ұйымымен өзара іс-қимылға терең мән береміз және екіжақты ынтымақтастығымызды авиация саласын дамытуды қамтамасыз етудегі стратегиялық басымдық ретінде қарастырамыз», – деп атап өтті Олжас Бектенов. 

Өз кезегінде, ИКАО Кеңесінің Президенті Сальваторе Шаккитано Қазақстанда азаматтық авиацияны дамыту бойынша жүргізілген жұмыстарға оң баға беріп, ҚР-мен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін білдірді. 

«Қазақстанда соңғы бірнеше жылда авиация секторында айтарлықтай ілгерілеу байқалады. Жүйе қалыпты жұмыс істейді, елдің көрсеткіштері орташа жаһандық көрсеткіштен жоғары. Біз елдің авиация саласын одан әрі дамытуға дайынбыз. ИКАО басымдықтарының бірі – Тұрақты даму мақсаттары контекстінде көлікті дамытуды қолдау. Шығарындылардың нөлдік деңгейіне жету үшін біз тұрақты «жасыл» отынды көбірек пайдалануымыз керек. Осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз», — деп атап өтті Сальваторе Шаккитано.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар серіктестік байланыстарды жан-жақты дамыту және тереңдету ниеттерін растады.

 * * *

Астана, 2025 жылғы 8 сәуір. Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев пен ИКАО Кеңесінің Президенті Сальваторе Шаккитаномен өткен кездесуде Қазақстанның ИКАО-мен келешек ынтымақтастығының перспективалары, соның ішінде ұшу қауіпсіздігі, авиациялық қауіпсіздік, инфрақұрылымды жаңарту, жолаушылар ағынының өсуін арттыру, қазақстандық тараптың ИКАО-ның (ACT-SAF (тұрақты авиациялық отын), Future Global Aviation (Жаһандық авиацияның болашағы), No Country Left Behind (ешбір ел артта қалмайды) және т.б.) жобалары мен бастамаларына қатысуы сияқты өзекті мәселелері қаралды.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен ИКАО арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған жоғарыда аталған стратегиялық құжаттарға қол қойылды.

«Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ ғимаратында С.Шаккитано осы құрылымның басшылығымен және қызметкерлерімен кездесті, сонымен қатар оның қызметімен танысты.

 * * *

Алматы, 2025 жылғы 9-11 шілде. Қазақстанның оңтүстік астанасында С.Шаккитано Алматы Халықаралық әуежайының жаңа терминалына барды.

Алматы халықаралық әуежайының президенті Гокер Косе қонақтарды өзі қарсы алып, әуежайдың халықаралық терминалы бойынша таныстыру экскурсиясын өткізді. Делегация заманауи жабдықталған,  әуежайдың негізгі операциялық процестеріне жауап беретін жаңартылған «Әуежайдың операцияларын басқару орталығымен» танысты. Сондай-ақ, Жоғары Мәртебелі мейман Алматы халықаралық әуежайының тарихы мен дамуына арналған бірегей авиация мұражайында болды.

С.Шаккитано мен Г.Косе арасындағы келіссөздерде азаматтық авиацияны дамыту саласындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Негізгі назар инфрақұрылымды жаңғырту, тұрақты даму, экологиялық басымдықтар мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі заманауи тәсілдерді енгізу мәселелеріне аударылды.

С.Шаккитано Алматы әуежайының халықаралық стандарттарға сай үнемі дамуға ұмтылысын жоғары бағалады. Ол әуежайдың ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жетістіктерін, экологиялық жауапты шешімдерді енгізуді, сондай-ақ авиациялық сектордағы гендерлік теңдікті ілгерілетуге бағытталған бастамаларын ерекше атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ИКАО халықаралық стандарттары аясында әуе тасымалының сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған бастамалар бойынша одан әрі ынтымақтастық және бірлескен жұмысқа дайындықтарын растады.

 * * *

Алматы, 2025 жылғы 9-10 шілде. ИКАО Кеңесінің төрағасы С.Шаккитано Азаматтық авиация академиясына барды, онда ИКАО Еуропалық және Солтүстік Атлантикалық бюросының (EUR/NAT) өңірлік директоры Николя Ралломен бірге оған «Академияның құрметті профессоры» атағы берілді.

Азаматтық авиация академиясының студенттері алдында баяндамасында Президент ИКАО Қазақстан басшылығының авиация саласындағы білім мен әлеуетті арттыруға ерекше көңіл бөліп отырғанының куәсі екенін айтты.

Ол ұлттық және өңірлік деңгейде жастар мен болашақ мамандарды тартуға бағытталған ИКАО-ның «Келешек ұрпақ авиация кәсіпқойлары» бағдарламасын атап өтті және студенттерге олардың әлемнің әлеуметтік-экономикалық дамуына, адамдарды, мәдениеттер мен елдерді біріктірудегі маңызды рөлін еске салды.

 * * *

Алматы, 2025 жылғы 9-11 шілде. ИКАО Кеңесінің Президенті С.Шаккитано «Air Astana» әуекомпаниясының Бас директоры Питер Фостермен кездесу өткізіп, Қазақстанның өңірлік авиациялық хаб ретінде өсіп келе жатқан рөлін талқылады.

Қазақстан Орталық Азиядағы әуе кемелерінің барлық түрлеріне Қазақстанға/Қазақстан аумағы арқылы шектеусіз ұшуға мүмкіндік беретін «Ашық аспан» режимін енгізген бірінші мемлекет екені атап өтілді.

Бұған қоса, ИКАО Кеңесінің Президенті қазақстандық әуекомпанияның жаңадан бастап жатқан пилоттар мен бортсеріктерін оқытуға арналған Орталық Азиядағы алғашқы симуляторының қызметімен де танысты.

ИКАО жанындағы ҚР ТӨ