
KazAID және JICA ынтымақтастықты нығайтады
2025 жылғы 8 сәуір, Астана – «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің Басқарма төрағасы А.Арыстанов Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) Қырғыз Республикасы мен Қазақстан Республикасындағы Тұрақты өкілі Х.Кавамото мырзамен миссиясының аяқталуына байланысты кездесу өткізді.
Әңгімелесу барысында екі ұйым арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы және даму мақсатында бірлескен жобаларды ұйымдастырудағы жетістіктерге ерекше тоқталды. Атап айтқанда, үстіміздегі жылы тараптар Дүниежүзілік кеден ұйымы (ДКҰ) және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп Орталық Азия және Кавказ елдері өкілдерінің қатысуымен тәуекелдерді басқару бойынша семинар ұйымдастырды.
Кездесу соңында А.Арыстанов Х.Кавамотоға ынтымақтастығы үшін алғыс айтып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өңірдің тұрақты дамуына бағытталған ынтымақтастықты жалғастыру ниетін растап, тәжірибе алмасу мен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделілік танытты.