KazAID және БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы
ынтымақтастық перспективаларын талқылады
2024 жылғы 4 желтоқсан, Астана қаласы - KazAID Басқарма Төрағасы А.Арыстанов пен БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының көпжақты байланыстар және серіктестіктер департаментінің директоры С.Самканге арасында кездесу өтті.
БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы (WFP) аштық мәселелерін шешуге және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған ең ірі гуманитарлық ұйым. Ұйым 120-дан астам ел мен аумақта қызмет етіп, қақтығыстардан, табиғи апаттардан және климат өзгерісінің салдарынан зардап шеккен адамдарға көмек көрсетеді. WFP-ның негізгі жұмыс бағыттары – төтенше азық-түлік көмегін көрсету, тұрақты азық-түлік жүйелерін дамыту және мектептегі тамақтандыру бағдарламаларын іске асыру.
Кездесу барысында азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері мен Орталық Азиядағы бірлескен жұмыс мүмкіндіктері талқыланды. Тараптар ауылдық қауымдастықтарды қолдауға және сапалы тамақтануға қолжетімділікті жақсартуға бағытталған тұрақты даму бағдарламаларын жүзеге асыру бойынша тәжірибе алмасты.
Екі ұйымның өкілдері тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу және өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін күш-жігерді біріктірудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, әлеуетті серіктестіктің әртүрлі аспектілері, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыру жобаларын әзірлеу, фермерлерді оқыту және әлеуметтік осал топтарды қолдау мәселелері талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар одан әрі өзара іс-қимыл жасауға дайын екендіктерін білдірді.