Ислам даму банкінің 6-шы диалогы аясында KazAID және Indonesian AID кездесуі
2025 жылғы 7–9 қазан, Индонезия, Джакарта қаласы - KazAID Департаментінің серіктестік және аймақтық жобалар жөніндегі директоры Б. Жақұпов пен бас менеджер А. Түймебекова Ислам даму банкінің (ИДБ) мүше елдерінің даму мақсатындағы ынтымақтастық агенттіктерінің 6-шы диалогтық кездесуіне қатысты. Іс-шара ИДБ, Индонезияның халықаралық даму агенттігі (Indonesian AID) және Палестинаның халықаралық ынтымақтастық агенттігі (PICA) бірлесіп ұйымдастырды.
Кездесудің мақсаты — ИДБ мүше елдерінің агенттіктері арасындағы серіктестікті нығайту. Іс-шараға AIDA, EAPD, TİKA, ATCT, Indonesian AID, PICA және басқа да донорлық ұйымдардың 30-дан астам өкілдері қатысты.
Сапар барысында KazAID өкілдері Индонезияның Сыртқы істер министрлігінің халықаралық ынтымақтастық департаментімен кездесу өткізді, оған Индонезиядағы ҚР Елшілігінің кеңесшісі А. Танбай да қатысты. Тараптар дамуға ресми көмегі саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою мүмкіндігін талқылады.
Сонымен қатар Indonesian AID агенттігінің басшысы Дальяно мырзамен кездесу өтті. Кездесуде тараптар бірлескен жобаларды дамыту, сондай-ақ ДРК бойынша статистикалық есептілікті ұсыну жөніндегі қазақстандық тәжірибемен алмасу мәселелерін талқылады.