KazAID Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасына барды
2025 жылғы 17 маусым, Еңбекшіқазақ ауданы — Қазақстанның халықаралық даму агенттігінің (KazAID) өкілі Тлек Түлкібаев Еңбекшіқазақ көпсалалы орталық аудандық ауруханасына жұмыс сапары аясында барды. Сапардың мақсаты — денсаулық сақтау саласындағы тиімді қазақстандық тәжірибелермен танысу.
Назар орталығында — аурухана базасында жұмыс істейтін демонстрациялық платформасының қызметі болды. Платформа бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуде мультидисциплинарлық тәсілді енгізіп отыр: жалпы практика дәрігерлері, медбикелер, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер мен бағдарлама үйлестірушілер бірлесе жұмыс істеп, науқастарға кешенді әрі үздіксіз қолдау көрсетуде.
Ерекше қызығушылық тудырған аспектілердің бірі — цифрлық шешімдер болды: электронды диспансерлеу, Face ID арқылы пациенттерді сәйкестендіру, цифрлық мониторинг және бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесімен интеграция. Сонымен қатар, әлеуметтік және медициналық қызметтерді біріктіру, скринингтік бағдарламалар мен денсаулық мектептерін ұйымдастыру тәсілдері зерделенді.
KazAID бұл тәжірибені халықаралық деңгейде ресми даму көмегі бағдарламалары аясында таратуға болатын сәтті модель ретінде қарастыруда.