KazAID және ЭЫДҰ мемлекеттік органдарға дамуға ресми көмек көрсету мәселелері бойынша семинар өткізді
Астана, 2025 жылғы 4 маусым – дамуға ресми көмек (ДРК) туралы статистикалық есептілікті ұсыну бойынша семинар өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ЭЫДҰ арасындағы келісімді іске асыру шеңберінде өтті. Жоба ЭЫДҰ мен KazAID әзірлеген Жол картасына сәйкес елдегі ДРК жүйесін дамытуға бағытталған.
KazAID Басқарма Төрағасы Аркен Арыстанов құттықтау сөз сөйлеп, ДРК бойынша ашық және шынайы есеп беру халықаралық әріптестер тарапынан сенім кепілі екенін атап өтті.
Іс-шара ДРК көрсетуге және ДРК туралы статистикалық есептілікті ұсынуға тартылған негізгі министрліктер мен ведомстволардың өкілдері үшін ҚР СІМ қолдауымен ұйымдастырылды. Семинар спикерлері ЭЫДҰ Даму мақсатындағы ынтымақтастық жөніндегі директоратының өкілдері – Г.Делаланд, дамуды және өзара іс-қимылды қаржыландыру мәселелері жөніндегі кеңесші және зерттеу үйлестірушісі Сэнди Сюй болды.
Қатысушылар дамуға ресми көмек ұғымы мен критерийлерін, деректерді жүйелі жинау мен ұсынудың артықшылықтарын, сондай-ақ гуманитарлық, техникалық және көпжақты көмекті есепке алудың халықаралық тәсілдерін талқылады. Жеңілдіктер, даму мақсаты, стипендиялық бағдарламалар, әкімшілік шығындар және ДРК-нің бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға қосқан үлесі сияқты тақырыптар қозғалды.