Аудандық мәслихаттың кезекті он бесінші сессиясы өтті

Аудандық мәслихаттың кезекті он бесінші сессиясы өтті

2024 жылғы 12 сәуірде  сегізінші шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының кезекті он бесінші сессиясына депутаттармен бірге  аудан әкімі Д.Қалиқан, аудан әкімінің орынбасары Р.Карабалинов, Шығыс Қазақстан облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Е.Атанбаев, аудандық бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысты. Мәслихат сессиясының отырысы онлайн режимде интернет желісінде трансляцияланды. 

Сессияның күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Катонқарағай ауданының әкімі Д.Қалиқан, ауылдық округ әкімдері, Шығыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Е.Адилов 2023 жылға арналған бюджеттің атқарылуы туралы баяндама жасап, есеп беру барысында баяндамашылар ауданның 2023 жылға арналған аудан, ауылдық округ бюджеттерінің  түсімдері мен шығыстарына толыққанды талдама жасады.
Осы мәселе бойынша жарыссөзге депутат Ж.Тыныбеков шығып, аудан бюджетінің негізгі көрсеткіштеріне тоқталып, ауылдық округ әкімдеріне кірістердің сапалы жоспарлануын, бюджет қаражатының сапалы игерілуін  қамтамасыз етуді ұсынып, сөзінің соңында 2023 жылғы аудан бюджетінің орындалуы туралы есепті бекіту туралы ұсыныс жасады.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша жергілікті полиция қызметінің бастығы Қ.Абенов есеп берді. Ауданда полиция тарапынан құқық бұзушылық бойынша профилактикалық іс шаралар жүргізілуде. Катонқарағай аудандық полиция бөлімі ҚР ІІМ бұйрығына сәйкес сервистік полиция моделі бойынша жұмыс істеуде учаскелік полиция инспекторлары жеке-профилактикалық жұмыстарын жандандырғанын атап өтті.  

Нәтижесінде ауданда құқық бұзушылық саны 2023 жылмен салыстырғанда төмендеген.

Осы мәселені сессияға дайындау үшін құрылған уақытша комиссияның мүшесі А.Ахметова жарыссөзге шығып, уақытша комиссияның атқарған жұмыстарының қорытындысымен  таныстырды.

Күн тәртібіндегі әр түрлі мәселелер бойынша мәслихат төрағасы Б.Болаев сөйледі. Күн тәртібіндегі мәселелерді  саралап қарап, талқылаудың нәтижесінде тиісті шешімдер қабылданды.