«Qonaev cup 2025» халықаралық шахмат турнирі

«Qonaev cup 2025» халықаралық шахмат турнирі

«Qonaev Cup – 2025» халықаралық турниріне 16 елден алты жастан 70 жасқа дейінгі және одан жоғары 260-тан астам шахматшы жиналды. Аталған жарыс Қарасай ауданындағы Олимпиадалық даярлау орталығында өтуде. Турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлегендер Алматы облысында шахмат спортына ерекше көңіл бөлініп жатқанын атап айтты.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, шахмат спорты ұлттың зияткерлік әлеуетін арттырады. «Qonaev Cup» турнирі 2021 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Бұл жарыс тек тақтадағы тартыс ғана емес, шахмат әлемінде жаңа есімдердің шығуына жол ашады», – деді Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым.
«Qonaev Cup – 2025» ең мықты шахматшылар мен жас таланттардың басын қосатын алаңға айналды. Аталған жарыс облыс әкімдігінің және демеушілердің (Фридом Холдинг) қолдауы арқасында жүзеге асып отыр. Қатысушыларға сәттілік тілеймін», – деді Азия шахмат федерациясының бірінші вице-президенті, Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов.
Шахмат жарысы швейцариялық жүйе бойынша 9 кезеңнен тұрады, уақыт бақылауы әр жүріс үшін 1,5 сағат + 30 секунд. Турнир Masters, Challengers және Open болып үшке бөлінді. «Qonaev Cup – 2025» аясында өткен «В» жоғары санаттағы блиц-турнирі ирандық гроссмейстер Пархам Магсудлооның жеңісімен аяқталды.
Пархам – 23 жасында әлемдік шахмат элитасында өзін танытып үлгерген дарынды жас гроссмейстер. Қазіргі таңда ол FIDE әлемдік рейтингінің ТОП-15-індегі Иранның жалғыз шахматшысы (12-орында тұр).
«Денис Махнев (Қазақстан), Сунилдут Лина Нараянан (Үндістан), Володар Мурзин және Александр Грищук (ФИДЕ) сияқты танымал шахматшылармен ойнау мен үшін қызықты болды. Жеңімпаз атанғаныма өте қуаныштымын. Турнир жағымды әсер қалдырды», – деді Пархам Магсудлу.
«Masters» турниріне 16 елден 62 қатысушы келді, оның ішінде 21 гроссмейстер (GM), 24 халықаралық шебер (IM) және 2 әйел гроссмейстер бар. Солардың ішінде Африка құрлығының үздік шахматшысы Бассем Амин (2633, Египет), «Pavlodar Open 2024» турнирінің жеңімпазы Арам Акопян (2625, Армения) және Максим Матлаков (2608, ФИДЕ) өнер көрсетеді. Қазақстандық шахматшылар арасынан жуырда Өскеменде өткен Қазақстан кубогының 2-кезеңінде жарқ еткен төрттік – Денис Махнев, Даниял Сәпенов, Әлішер Сүлейменов және Жандос Ағмановты ерекше атап өту қажет.

Бұл жолы үздік әйел жүлдесін Алуа Нұрман (2315), Ирен Лутцингер (2308, ФИДЕ), Лия Құрманғалиева (2303), Әмина Қайырбекова (2297) және Аяулым Қалдарова (2220) сарапқа салады.
Ал «Challengers» турнирінде халықаралық шеберлер Евгений Пак, Әлібек Игамбергенов, Константин Казаков және Бақтияр Асқаров, сондай-ақ Қазақстан мен көршілес елдердің бірқатар жас таланттары жарысқа түседі. Барлығы 83 қатысушы. Сонымен қатар жарыста әуесқой шахматшылар бәсекеге түседі. Ашық турнирге Алматы облысы атынан 20 ойыншы бақ сынайды.
.
«Алматы облысында 2022 жылы шахмат және үстел ойындарынан облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ашылып, әр ауданда жас спортшыларды дайындау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде жас спортшыларымыз тұрақты түрде шеберліктерін шыңдап, жоғары жетістіктерге жетуде. Олардың арасында Эльназ Қалиахмет, Иманғали Ақылбай сынды талантты шахматшылар бар.», – деді Қазақстан шахмат федерациясы Алматы облыстық филиалының президенті Сәрсенгали Жанкуатов.
Барлығы 30-дан астам жүлделі орындар ойнатылады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау 12 тамызда шешуші ойындардан кейін өтеді деп жоспарлануда.
Ұйымдастырушылар: Қазақстан шахмат федерациясы, ҚР Туризм және спорт министрлігі, Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы.
Айта кетейік, «Qonaev Cup – 2025» халықаралық шахмат турнирі «Almaty Region Open» фестивалі аясында өтіп жатыр және ерлер мен әйелдер арасындағы классикалық шахматтан 2025 жылғы Қазақстан Кубогының 3-ші кезеңі болып саналады.

1-кезең – Владимир Дворкович мемориалы – Aktobe Open 2025 Ақтөбе қаласында 22-30 маусым аралығында өтті. 2-ші кезең - Oskemen Open 2025 - 21-29 шілде аралығында Өскемен қаласында өтті. Финал – Қазақстан шахмат кубогы 2025 – биыл Алматыда 9-19 қараша аралығында өтеді.