Қарағандыда ҚР ІІМ жанындағы кеңес пен өңірлік нашақорлықтың алдын алу кеңесінің отырысы өтті. Президент Әкімшілігінің өкілдері бұл жиынға қатысты.
Қарағандыда сондай-ақ, есірткі қолданудың алдын алуға, оның ішінде студент жастар арасында профилактикалық жұмысты күшейтуге бағытталған кездесулер өтті.
— Комплекс жоспар аясында Қарағанды облысының полиция департаменті басқа мемлекеттік органдармен және ҮЕҰ-мен бірлесіп, есірткінің зияны мен оның қолдану салдары туралы түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде. Бүгінгі алаң — ашық диалог пен тәжірибе алмасуға арналған бірегей мүмкіндік. Бірлескен талқылау тиімді тәжірибелерді анықтауға және проблемалық мәселелерді белгілеуге мүмкіндік береді, — деді Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Әбіл Әбілдин.
Сонымен қатар, Отбасыны қолдау орталығының өкілдерімен кездесу және Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ораз Таурбеков пен күш құрылымдарының өкілдерінің қатысуымен өңірлік ведомствоаралық штабтың кезектен тыс жұмыс кеңесі өтті. Онда нашақорлықтың алдын алу саласындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту бойынша басым бағыттар мен шаралар талқыланды.
Іс-шара ҚР ІІМ-нің жастар үшін қауіпсіз және салауатты орта қалыптастыру жөніндегі кешенді жұмысының бір бөлігі болды. Кездесу 26 маусымда атап өтілетін Халықаралық нашақорлықпен күрес күні қарсаңында өтті. Онда сондай-ақ нашақорлықпен күрес айлығы аясында өткізілетін іс-шаралар талқыланды.
Мұндай кездесулер еліміздің басқа өңірлерінде де өткізілмек.