Қарағандыда 180 спортшы облыстық спартакиадаға қатысуда

Қарағандыда 180 спортшы облыстық спартакиадаға қатысуда

Қарағандыда мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында дәстүрлі облыстық спартакиада басталды. Облыс әкімінің жүлдесі үшін жарыс сегізінші рет өткізіліп отыр. 

Биыл оларға тірек-қимыл аппараты, есту және көру органдары зақымданған 180 спортшы қатысады. Бағдарламада спорттың бес түрі бар: мини-футбол, үстел теннисі, жеңіл атлетика, дойбы және тоғызқұмалақ.

«Жастар» спорт кешенінде өткен біріншіліктің ашылуында қатысушыларды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев қарсы алды. Оның айтуынша, спорттың шекарасы жоқ және өңірдегі басым бағыттардың бірі – мүмкіндігі шектеулі жандарға спортпен айналысуға жағдай жасау.

– Бұл жарыстарға спорт шеберлері қатыспайды. Жыл өткен сайын спартакиада ауқымы кеңейіп келе жатқаны қуантады. Барлық қалалар мен аудандардан спортшылар жарысқа түседі. Сондай-ақ, бұл жаңа достар табуға, қарым-қатынас аясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Биыл облыстық жарыстар 31 мамыр мен 29 маусым аралығында өтетін республикалық спартакиаданың алдында өтеді. Қарағандылық команда еліміздегі ең мықты командалардың бірі және бұл жолы үздік үштікке енеміз деп үміттенеміз, – дейді мүгедектер спортынан облыстық мамандандырылған мектептің жетекшісі Елена Фахрутдинова.

Екі күн бойы жарыстар үш алаңда өткізіледі: «Жастар» спорт кешенінде, «Шахтер» стадионында және Н. Әбдіров атындағы Спорт сарайында.

Шағын футболды нашар еститін спортшылар ойнайды. 

Қалған түрлерде нашар көретіндер мен тірек-қимыл аппараты бұзылған спортшылар жарысады.

Сараннан жеңіл атлетші қыздар командасы – Айгүл Балмағамбетова, Дарья Пименова және Зухра Утарова келді. Олар спартакиадаға алғаш рет қатысып отырған жоқ.

– Дене жүктемесі барлығына пайдалы, арбамен жүгіру қуат береді. Алтыншы жыл спортпен айналысып келемін, өзім де мақсат қойып, қол жеткізгім келеді. Спортзалда үнемі жаттығамыз. Сонымен қатар пара бимен айналысамын, – деп бөлісті Айгүл Балмағамбетова.

Приозерск қаласының тұрғыны Бақытгүл Қошанова барлығына белсенді өмір салтын ұстануға кеңес береді. Бұрынғы тігінші-моторшы зейнеткерлікке шығып, спортқа әуестенген. Белгілі спортшы және жаттықтырушы Алмаз Оспановтың басшылығымен фитнес-залға барып, пауэрлифтингпен айналысады. Спартакиадада тоғызқұмалақ ойнайды.

Теміртаулық Жанна Бакенова ядро лақтыру шеберлігін көрсетеді. Спартакиаданың бірнеше мәрте қатысушысы, жақында жасалған операцияға қарамастан, жарысты өткізіп алғысы келмеді және жеңіске ұмтылады. Оның ұстанымы – бәріне оң көзқараспен қарап, қиындыққа мойымау. Мүгедектер арбасына таңылған әйел жалғыз өзі екі бала тәрбиелейді. «Сердца Теміртау» тобының еріктісі ретінде басқаларға көмектеседі. Хоббиге де уақыт бөлуге үлгереді: қолөнермен және шығармашылықпен айналысады.

Спартакиада қорытындысы бойынша үздік спортшылар мен командалар анықталады. 

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, грамоталармен және дипломдармен марапатталады.