«Қайта Бастау» қаржылық тұрақтылық жобасы пилоттық режимде Қарағанды облысының екі ауданында - Бұқар жырау және Осакаров аудандарында жүзеге асырылуда. Оның мақсаты – несие бойынша қарызы бар тұрғындарға көмек көрсету. Мұндай отбасылармен нақты жұмыс жүргізілуде: қаржылық сауаттылықты оқытуға және жұмысқа орналасуға баса назар аудару. Қабылданған шаралардың арқасында борышкерлер саны азайды. Өзінің тиімділігін көрсеткен пилоттық жоба бүкіл облыста жүзеге асырылмақ.
Пилоттық жобаның нәтижелері туралы аппараттық кеңесте айтылды.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Төлеу Мұхтар екінші деңгейлі банктермен және «Қарызсыз қоғам» жобалық офисімен өзара іс-қимыл тетігі пысықталғанын атап өтті. Оның айтуынша, несиелер бойынша борышкерлерді жұмысқа орналастыруда барлық мүмкіндіктер пайдаланылады: бос орындар және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік бағдарламалары.
Бағдарламаға несие бойынша кемінде үш айлық берешегі бар қарыз алушылар қатысады. Бірінші қадам – борышкердің қаржылық жағдайын тұрақтандыру. Осыдан кейін оған банкпен немесе микроқаржы ұйымымен өзара қарым-қатынасты реттеуге көмектеседі.
– Amanat партиясының қаржылық сауаттылық пен халықтың хабардарлығын арттыруға ықпал ететін «Қарызсыз қоғам» жобасы айтарлықтай қолдау көрсетті. 31 наурыздан бастап Бұқар жырау және Осакаров аудандарында қаржылық сауаттылыққа оқыту жүргізілуде. Жоба бойынша мерзімі 90 күннен асатын несиелер мен шағын несиелерге тап болған адамдарға тегін құқықтық көмек көрсететін заң қызметі өз жұмысын бастады, – деп хабарлады Төлеу Мұхтар. – Біз жүргізіп отырған шаралар жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге, сондай-ақ банк секторымен өзара іс-қимыл арқылы мерзімі өткен берешекті реттеуге бағытталған. Бұдан басқа, белгіленген критерийлерге сәйкес келетін өтініш берушілерге соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану мүмкіндігі беріледі.
Мысалы, Осакаров ауданында көп балалы отбасы несие бойынша миллион теңгеден астам қарызы бар. Ал отбасылық табыс кедейлік шегінен төмен. Көпбалалы анаға жұмысқа орналасуға көмектесіп, банк қарызды қайта құрылымдауға кірісті.
Оң тәжірибені ескере отырып, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев «Қайта Бастау» жобасының географиясын кеңейтуді, оны бүкіл өңірге таратуды тапсырды.