Қарағандыда мектепке дейінгі балалар витриналарды, гүл шоқтарын безендіруден, сондай-ақ бейнелеу өнерінен жарысты. Қалада алғаш рет Жұмысшы мамандықтары жылы аясында балабақша тәрбиеленушілері арасында ВаbуSkills чемпионаты өтті.
Шараны ұйымдастырушы – Қарағанды техникалық-құрылыс колледжі.
Байқауға «Думан» балабақшасының дайындық тобынан барлығы 17 бала қатысты. Олар «Визуалды мерчендайзинг және витринистика», «Флористика» және «Бейнелеу өнері» сияқты үш біліктілік бойынша сайысқа түсті. Балаларға алдын ала тапсырмалар берілді, сол жерде оларға колледж студенттері көмектесті.
– Біз өз тапсырмаларымызды мектеп жасына дейінгі балалар орындай алатындай етіп жасадық. Мысалы, витринистика - әлемдегі жаңа құзірет. Ол витриналарды безендіруден тұрады. ВаbуSkills байқауында біз балаларға ойыншықтар таратып, олармен шағын сөрелер рәсімдеуге тура келді. Сондай-ақ, балалар өздерін гүл шоқтарын жинау өнерінде сынап көрді, содан кейін берілген тақырыптарға сурет салды, – деді Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінің директоры Әсел Сапарова.
Байқау соңында барлық қатысушылар дипломдармен марапатталды және бояулар табысталды.
– Қатысушылардың жасы кішкентай болғандықтан, біз ешкімнің көңілін қалдырмау үшін барлығына жүлделі орындар беруді шештік. Біздің чемпионатта көрермен болған балалардың ата-аналары риза болды. Олар да, балалар да осындай ерекше шараға қатысуға қызығушылық танытты, – дейді Әсел Сапарова.
Қарағандыда BabySkills байқауын ерте кәсіптік бағдарлау мақсатында жыл сайын өткізу жоспарлануда. Келесі жылы ұйымдастырушылар біліктілік санын онға дейін кеңейтуі тиіс. Балалар үшін құрылыс және сантехника салаларында қолдан келетін тапсырмалар жасалмақ. Сондай-ақ, келесі жылы байқауға ұйымдастырушылар түрлі мектепке дейінгі мекемелерден көбірек балаларды шақырады.