Қарағандылық оқушы еліміздегі ең үздік дрон ұшқышы деп танылды

Қарағандылық оқушы еліміздегі ең үздік дрон ұшқышы деп танылды

Он екі жасар Тимофей Муравьев Қазақстандағы ең үздік дрон ұшқышы атанды. Бұл атақты ол көктемгі MultiGP дрон жарысында жеңіп алды. Өткен жылы да ол елдегі № 1 дрон ұшқышы атағына ие болған. Оның қоржынында бірнеше қазақстандық және халықаралық біріншіліктердің марапаттары бар.

Қарағандылық Тимофей Муравьев алты жасынан бастап дрон ұшырумен айналысады. Бұл қызығушылық оған әкесі Сергейден берілген.

– Менде барлық қажетті жабдықтар болды, бір күні Тима дрон ұшырып көрейінші деп сұрады. Мен рұқсат бердім, бірақ ол кезде қолынан келмейтін шығар деп ойладым: себебі ол кішкентай – ол небәрі алты жаста еді. Бірақ ол жай ғана дрон ұшырып қоймай, бір аптадан кейін бұл аппаратты ол бізден, ересектерден жақсы басқара алды, – деп еске алады Сергей Муравьев.

Содан бері ол өз баласына дрондарды ұшырудың ерекшеліктерін үйрете бастаған. Әкелі-балалы бірігіп, NSPKazGeoScan командасын құрып, жарыстарда өнер көрсете бастаған.

– Дрон-рейсинг немесе дронмен жарыс – 2014 жылы Австралияда пайда болған жас спорт түрі. Қатысушылар FPV-дрондармен ұшады. Бұл камералардағы суреттер тікелей ұшқыштың көзілдірігіне жіберілетін дрондар, яғни ол өзі ұшып бара жатқандай, бәрін көріп тұрады. Жарыстың мәні, біріншіден, жолдағы кедергілерді айналып өту, екіншіден, мұны тез жасап, бірінші болып мәреге жету, – дейді Сергей.

Қазір әлемдегі ең ірі дрон-рейсинг жарыстары АҚШ-тың Майами қаласында өтуде. Оларды әлемнің 38 мыңнан астам ұшқыштарын біріктіретін MultiGP әлемдік лигасы өткізеді. Майамидегі жарыстарға тек үздіктер шақырылады. Көшбасшыларды анықтау үшін әр елде екі кезең – көктемгі және жазғы кезеңдер өткізіледі. Бұл жарыстарға арналған трассаларды MultiGP лигасының сайтында дауыс беру әдісімен таңдайды. Содан кейін қатысушы елдердің әрқайсысында осы трассаларды нақты құра отырып, іріктеу жарыстарын өткізеді.

Осындай іріктеудің көктемгі кезеңі Алматыда 3 және 4 мамырда өтті.

Жарыс қорытындысы бойынша еліміздің үздік ұшқышы он екі жасар Тимофей Муравьев атанды.

– Дрон-рейсинг спорт түрі ретінде өте жасарып кетті. Мысалы, Ресейде 6 жастағы бала бар және ол көптеген ересектерден жақсы ұшады. Сондықтан мұндай жарыстарда ешқандай жас шектеулері жоқ, Тима да қатыса алды, – дейді оның әкесі.

Енді Тимофей алда жазғы іріктеу кезеңінен өтуі тиіс. Егер ол үздік атанса, Қазақстанның намысын Майамиде қорғай алады.

Естеріңізге сала кетейік, Тимофейдің халықаралық аренада өнер көрсету тәжірибесі бар. 2024 жылы ол Түркиядағы Әлем кубогына шақырылды. Оған барлығы 32 жоғары дәрежелі ұшқыш қатысты – әр қатысушы елден бір-бірден. Жас қарағандылық 17-ші орынды иеленді.

Сондай-ақ, Тимофей Сауд Арабиясында өткен әлем чемпионатында Қазақстанның намысын қорғады. Оған 155 ұшқыш қатысты. Олардың ішінен біліктілік турларының қорытындысы бойынша 64 қатысушы, оның ішінде Тимофей де негізгі кезеңге жетті. Жарыс қорытындысы бойынша ол әлемнің үздік 16 ұшқышының қатарына кіре алды.