Қарағанды облысында келесі жылыту маусымына дайындық басталды

Қарағанды облысында келесі жылыту маусымына дайындық басталды

Қарағанды облысында өткен жылыту маусымының қорытындысы шығарылды. Бүкіл өңір бойынша ол тұрақты түрде, іркіліссіз өтті. Жылыту тоқтатылғаннан кейін энергетиктер келесі қыс маусымына дайындала бастады. Облыстың жеті энергия көзінде 44 қазандық пен 29 турбинаны жөндеу жоспарланған. Өңірде сондай-ақ электр және жылу желілерін жаңғырту жалғасады.

Жылу беру маусымының қорытындылары мен алдағы жөндеу науқаны туралы аппараттық кеңесте баяндалды.

Атқарылған жұмыстардың арқасында жылу желілерінің тозуы 66,4%-дан 64,3%-ға дейін төмендегені атап өтілді. Облыс бойынша электр желілерінің жалпы ұзындығы 26 мың шақырымнан асады, олардың орташа тозуы - 68,6%.

– Тұтастай алғанда, ағымдағы жылыту маусымы күрделі технологиялық бұзушылықтарсыз тұрақты өтті. Барлық тіршілікті қамтамасыз ету нысандары штаттық режимде жұмыс істеді, – деді энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаев. – Келесi күзгi-қысқы кезеңге дайындық жөнiндегi iс-шаралар әзiрлендi, мұнда негiзгi назар жылу электр станцияларының, жергiлiктi жылу көздерi мен инженерлiк желiлердiң жөндеу науқанына аударылған. Жылу беру маусымына барлығы жеті энергия көзінің, 604 жергілікті жылу көзінің, 1,5 мың шақырымнан астам инженерлік желінің, сондай-ақ 1117 әлеуметтік сала нысанының және 6079 тұрғын үйдің негізгі және қосалқы жабдықтары дайындалады.

Басқарма басшысының мәліметінше, инвестициялық бағдарламалар бойынша 85 шақырымнан астам электр беру желісін қайта жаңарту, жаңғырту және күрделі құрылыс жоспарланған. Жазда өңірлік электр желілік компанияларға қызмет көрсету аймақтарында 4,2 км электр желісі, 43 қосалқы станция және 412 трансформаторлық қосалқы станция жөнделеді.

Тілектес Досаев Осакаров ауданының Молодежный ауылында жылумен жабдықтауды жақсарту үшін жаңа блокты-модульді қазандық салынатынын хабарлады. Сондай-ақ, Абай ауданының Южный кентінде қазандық құрылысы басталды. Сонымен қатар, Ақтоғай ауданының Шашубай ауылында жаңа қазандық салынады.

Бұқар жырау ауданында Қушоқы кентіндегі қазандықты жаңғырту жоспарланған. Екі жылу алмастырғышты орнату, газ жолдарын жөндеу және басқа да жұмыстар көзделген. Қарқаралыдағы жылу көзінде қазандық ауыстырылады

Биыл Балқаш Саяқ кентіндегі орталық қазандықтың құрылысы аяқталуы тиіс. Қалада сондай-ақ магистральдық жылу желілерін қайта жаңарту жалғасады. Бұдан басқа, қалаішілік 6 км жылу желісін ағымдағы жөндеу жоспарланған.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жылыту маусымына дайындық биліктің және энергия қадағалаудың тұрақты бақылауында екенін атап өтті. Аймақ басшысы жоспарланған іс-шараларды уақытылы орындау және отын қорын қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берді.