Қарағандыда алғаш рет аз инвазивті балалар колопроктологиясы бойынша халықаралық шеберлік сабағы өтті. Қазақстан мен Ресейдің жетекші хирургтері ас қорыту жүйесінде ауыр патологиясы бар балаларға толыққанды өмір сүруге мүмкіндік беру үшін бірікті. Шара MUMKINDIK жобасы аясында өтті, ол қайырымдылық пен жоғары технологияларды біріктіре отырып, бүкіл ел бойынша жас пациенттерді құтқаруға көмектеседі.
Шеберлік сабағы «Көпсалалы облыстық балалар ауруханасы» КМК базасында өтті. Бас сарапшы профессор, медицина ғылымдарының докторы Игорь Киргизов – РФ Президенті Ісі басқармасы Орталық клиникалық ауруханасының балалар хирургиясы бойынша ғылыми жетекшісі, РМАҮКБ балалар хирургиясы кафедрасының профессоры, Росздравнадзордың бас сарапшысы болды.
Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген дәрігерлер іш қуысы органдарында күрделі лапароскопиялық және бейнеассистикалық операцияларды бақылап, дәрістерге қатысып, клиникалық жағдайлар мен пациенттерді емдеу тактикасын талдады. Шеберлік сыныбына Астана мен Петропавл қалаларынан барлығы 25 дәрігер-хирург, сондай-ақ Қарағанды облысының 37 педиатры мен гастроэнтерологы қатысты.
– MUMKINDIK жобасы аясында шеберлік сабақтарында жоғары дәрежедегі күрделі операциялар жүргізілді. Барлығы сәтті өтті. Енді жергілікті дәрігерлер мұндай оталарды өз бетінше орындай алады, – деп атап өтті Игорь Киргизов.
Жоба асқазан-ішек жолдарының ауыр патологиялары бар балаларға нақты көмек көрсетуге мүмкіндік берді: 11 ота жасалды, ал 18 бала жетекші хирургтен тегін кеңес алды.
Шетелдегі мұндай жоғары технологиялық оталарға отбасылар айтарлықтай сома жұмсайтынын атап өту маңызды. Мысалы, Ресейде осындай бір операцияның құны 700 мыңнан 1 миллион рубльге дейін жетеді, қосымша тексеруге, ұшақ билетіне және тұруға шамамен 500 мың рубль жұмсалады. Жалпы, бір балаға шамамен 6 миллион теңге ұажет. MUMKINDIK жобасының арқасында қазақстандық балалар толыққанды әрі салауатты өмір сүруге тегін мүмкіндік алады.
Баласы операциядан өткен аналардың бірі былай деді:
– Давидтің туылғаннан бері анал тесігі жоқ еді. Мен оған шетелде операция жасату мүмкіндігін іздедім, Германиядағы клиникаларды қарадым, бірақ бұл қаржы жағынан қолайсыз болды. Шеберлік сабағы туралы естігенде бірден келістік. Бұрын біз екі рет операцияға түсуге тырыстық, бірақ жолымыз болмады. Мен мұның кездейсоқ болмағанына сенімдімін: біз Игорь Валентиновичті күттік. Бұған қол жеткізуге мүмкіндік бергендерге рахмет! Менің балам аман – бұл ең бастысы.
MUMKINDIK жобасы BI Group құрылыс холдингі қызметкерлерінің қолдауымен 2013 жылдан бастап «Жұлдызай» корпоративтік қоры арқылы іске асырылып келеді. Олардың тұрақты жарналары мен салымдарының арқасында компанияның шетелдік мамандардың қатысуын қаржыландырып, гонорарлар мен ілеспе шығыстарды жабуға мүмкіндігі бар. Тек 2025 жылдың бірінші тоқсанында ғана жоғары технологиялық операциялар Астана, Алматы, Ақтөбе, Тараз, Ақтау және енді Қарағандыда жүргізілді.