Қарағандыда Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің ұрпақтарына жерлеу орындарынан әкелген топырақ берілді

Қарағандыда Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің ұрпақтарына жерлеу орындарынан әкелген топырақ берілді

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Қарағанды облысында ерекше оқиға орын алды. Қаза тапқан сарбаздар жерленген мазарлардан топырақ жеткізілді. Олар хабар-ошарсыз жоғалып кеткен солдаттар, және марқұмдардяң ұрпақтары туыстарының тағдырын білу үшін қаншама уақыт пен күш жұмсаған.

– Біз Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында жоғалғандарды алты жыл бойы іздестіріп келеміз. Игі іспен айналысамыз. Осы жылдар ішінде бізге он мыңнан астам өтініш келіп түсті. Төрт мың сұрау бойынша сарбаздардың жерленген орындары анықталды, – дейді «Atamnyn Amanaty» ҚБ іздеу тобының үйлестірушісі Марфуза Сүлейменова. – Бүгін Қарағандыға өңірден майданға шақырылған екі жауынгер – Әкімжан Айдосов пен Кәрім Әбдіғалымовтың жерленген жерінен топырақ жеткізілді. Сондай-ақ, тағы екі жауынгердің туыстарына жерлеу орындары көрсетілген хаттарды табыс етеміз.

Күлшікен Кәрімова әкесінің қабірінен алынған топырақ салынған қапты алып, көз жасын тыя алмады. Ол майданға кеткенде Күлшікен апа бір айдан енді асқан еді. Іздеу жүйелерінің арқасында қаза тапқан жауынгердің Сербияда, Заечар ауданында жерленгені анықталды.

Әкімжан Андосов Смоленск облысында жерленген. Оның зиратын табуға ресейлік «Переправа» іздестіру жасағы көмектескен.

Сондай-ақ, хабар-ошарсыз кеткен сарбаздар Назамбай Аймұлдинов пен Ғабдыжан Мұқатовтың ұрпақтары Atamnyn Amanaty компаниясынан көмек сұраған.

Подполковник Алмас Ғаділ Сарандағы 44803 әскери бөлімінде қызмет етеді. Ол үлкен атасының тағдырын білді. 

Оның Польшада жерленгені анықталды.

– Майданға аттанған менің ата-бабаларымның төртеуі хабар-ошарсыз кетті. Көп жылдар бойы олар туралы кішкене болсын ақпарат табуға тырыстық, хат жаздық. Бірақ ешқандай мәлімет болмады. Олардың бірі Ғабдыжан Мұқатов бойынша оның зираты Польшада, Келец воеводствосында орналасқандығын хабарлады. Егер мүмкін болса, жазда ол жаққа ұшқым келеді. Біз іздеу жүйелеріне алғысымызды білдіреміз, – деді Алмас Ғаділ.

Рәсімге профессор, белгілі қайраткер Дүйсен Қасейінов қатысты. 

Ұрпақтар арасындағы байланысты атап өту және қазақстандық батырларды еске алу үшін кадеттер шақырылды.