Қарағанды облысында қазақ тіліндегі сауатсыз жарнамамен күресуде

Қарағанды облысында қазақ тіліндегі сауатсыз жарнамамен күресуде

Қарағанды облысында «Көрнекі ақпарат және жарнама тілін біріздендіру» әлеуметтік жобасы аясында «Сауатты жарнама – сауатты кәсіпкер» акциясы басталды. Тілдерді дамыту басқармасының мамандары мен еріктілер қазақ тіліндегі маңдайшалар мен көрнекі жарнамадағы қателерді анықтап, кәсіпкерлерге оларды түзетуге көмектеседі.

Жоба облыста 2020 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Жұмыс тобының құрамына тілдерді дамыту басқармасының мамандары, аудармашылар, БАҚ-пен жұмыс жөніндегі мамандар және еріктілер кіреді. Биыл олар Қарағандыда шағын және орта бизнестің 3000-нан астам нысанын қамтуды жоспарлап отыр.

Жұмыс тобының мүшелері қазақ тілінде сауатсыз жазылған маңдайшалар мен хабарландыруларды анықтайды, бизнес иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, оларға заңнамалық нормаларды түсіндіреді және қателерді жоюға көмектеседі.

– Бұл өзара тиімді жоба. Жұмыс тобының мүшелері мен еріктілер заңнама нормаларын түсіндірумен айналысады, әдістемелік көмек көрсетеді, жарнамалық мәтіндер мен көрнекі жазбалардағы қателерді аударуға, түзетуге көмектеседі, – деді Қарағанды облысының Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Алма Шалабаева.

Аудармаға қатысты сұрақтармен кәсіпкерлер call-орталыққа 8-775-163-00-00 нөмірі бойынша хабарласа алады.