Қарағанды облысында жемшөп және майлы дақылдар алқабы ұлғайтылады

Қарағанды облысында жемшөп және майлы дақылдар алқабы ұлғайтылады

Қарағанды облысында егіс науқанына дайындық қызу жүріп жатыр. Ол мамыр айында басталады. Әртараптандыру бағдарламасы бойынша биыл жемшөп және майлы дақылдарға көбірек алқап беріледі.

Көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов айтып берді.

– Биыл егіс алқаптарының болжамды құрылымы облыс бойынша 1,2 млн гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 105 мың гектарға артық. Астық алқабы 956,9 мың га, картоп – 12,3 мың га, көкөніс – 1,02 мың га құрайды. Бұл ретте бидай егістігін қысқарту есебінен майлы және жемшөптік алқаптар ұлғайтылатын болады, – деп хабарлады спикер.

Брифингте айтылғандай, егіс науқанына 10,5 мың трактор, 229 егіс кешені, 4,4 мыңнан астам сепкіш және 9,7 мың бірлік өзге де техника тартылады.

Сырым Бошпанов мемлекеттік қолдаудың арқасында өсімдік өсірушілер минералды тыңайтқыштарды алдын ала сатып алу мүмкіндігіне ие болғанын атап өтті. Оларды қолдану және агротехнологияларды сақтау топырақтың құнарлылығын жақсартуға септігін тигізеді.

Сондай-ақ тұқым сапасына да көп көңіл бөлінеді. Спикердің мәліметінше, дайындалған тұқымдардың жалпы көлемінің 92,2%-ы жоғары өнімді.

Жыл сайын суармалы жерлер көлемі өсуде.

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге арзандатылған дизель отыны бөлінді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер Аграрлық несие корпорациясының қаржылай қолдауын пайдаланды: «Кең дала» және «Кең дала 2» бағдарламалары бойынша жеңілдікті несие алды. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 113 шаруашылық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға қаржыландырылды.

Сонымен қатар, тұқым шаруашылығына, пестицидтер мен тыңайтқыштарды сатып алуға, су жеткізуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау көрсету қарастырылған.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы облыста 1 миллион 300 мың тонна астық жиналды. Бұл соңғы 13 жылдағы ең жоғары нәтиже. Бұл ретте мемлекеттік қолдау, жоғары сапалы тұқымдар мен минералдық тыңайтқыштарды пайдалану, агротехнологияларды сақтау табыстың негізгі факторлары болды.