Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ер есімі - ел есінде» атты көрмеге шақырады. Экспозицияда кескіндеме мен графика, портреттер, сондай-ақ мүсін мен фотосуреттер ұсынылады. Ашылу салтанаты 30 сәуір сағат 15:00-де өтеді.
«Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында Ұлы Отан соғысына арналған жұмыстардың ауқымды топтамасы бар. Бұл шығармаларды тек жергілікті суретшілер ғана емес, қазақстандық және шетелдік шеберлер де жасаған. Шығармашылық арқылы сол уақыттың эмоциялары мен тәжірибелері берілген. Көрмеде жауынгерлік іс-қимылдар хроникасына енгізілген батырлардың портреттері ұсынылған: Нүркен Әбдіров, Әлия Молдағұлова, Федор Ульянин және т. б. Әрбір шығарма – оқиғаның көрінісі ғана емес, бояуларда, сызықтар мен нысандарда берілген жанды естелік», – деп атап өтілген мұражайда.
Мысалы, мұражай қорында майдангер суретші, Саранның құрметті тұрғыны Владимир Ворохобиннің жұмыстары сақталған. Жас кезінде майданға аттанып, екі аяғынан айырылды. Бейбіт заманда Саран мектептерінің бірінде сурет мұғалімі, содан кейін Қарағанды көркемөнер қорында суретші-безендіруші болып жұмыс істеді.
Көрмеге келушілер «Соғыс жолында» сериясындағы шеберлердің картиналарын, сондай-ақ лирикалық пейзаждарды тамашалайды. «Көзімнің тірісінде мен бұл жерді бейнелеуді ешқашан тоқтатпаймын», – деді суретші.
«Әкелер мен балалар» – қарағандылық суретші Вениамин Шамшиннің картинасы. Онда ардагерлер мен жас жұбайлар Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып жатқан сәт бейнеленген.
Тыл еңбеккерлері туралы баяндайтын жұмыстар бар. Көбінесе, олар тағдыр тәлкегіне түсіп, ауыр жұмысқа жегілген, жәнеде ең бастысы ұзақ күтуге мәжбүр болған әйелдер. Олар көптен күткен кездесуге үміттеніп, күйеуінен, ұлынан, інісінен қандай да бір хабар күткен.
Бұл сезім қарағандылық суретші Сергей Щеголихиннің «Әкем соғыстан оралды» картинасында шынайы бейнеленген.
Экспозицияға сондай-ақ қарағандылық фотограф Дәулет Әбдірахмановтың жобасынан алынған жұмыстар енгізілді. Олар Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің портреттері.
Көрменің басты тақырыбы – біз сақтауға тиіс естелік. Экспозиция 14 мамырға дейін жалғасады.
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайы мына мекен-жайда орналасқан: Бұқар жырау, 76 («45 квартал» аялдамасы).