Қарағандылық параатлет Бахрейнде боччадан халықаралық турнирде қола жүлдеге ие болды

Қарағандылық параатлет Бахрейнде боччадан халықаралық турнирде қола жүлдеге ие болды

Қарағандылық Анастасия Кутурман Бахрейнде өткен Manama 2025 World Boccia Challenger халықаралық рейтингтік турнирінен қола медальмен оралды. Қазақстандықтар барлығы екі медаль жеңіп алды.

Бахрейндегі халықаралық турнирге 14 елден 170 спортшы қатысты. ҚР Ұлттық құрама командасына Астана, Алматы, Қарағанды және Павлодар қалаларынан 10 спортшы кірді.

Қарағандылық Анастасия Кутурманнан басқа, Жетісу облысының спортшысы Қуаныш Асқарбеков та жүлдеге ие болды. Ол алтын медаль ұтып алды.

Қарағандыда бочча 2020 жылдан бері дами бастады.

– Бәрі менің сал ауруына шалдыққан қызым айналысатын спорт іздегенімнен басталды. Мен бочча туралы білдім. Сол кезде Астанадағы инклюзивті мектептердің бірінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі өз бастамасымен бочча бойынша факультатив жүргізгенін білдім. Осылайша біртіндеп, бір-бірімізбен әңгімелесе отырып, біз алдымен Қазақстан бочча федерациясын, содан кейін екі жыл бұрын облыстық бочча федерациясын құрдық, – деді Қарағанды облысы бойынша бочча федерациясы президентінің орынбасары Гаухар Ақыжанова.

Анастасия Кутурман Қарағандыда боччаға әуестенген алғашқы спортшылардың бірі болды. Кейіннен оған Аружан Жеңіс қосылды, ол да Бахрейнде Қарағанды облысының намысын қорғады.

– Бастапқыда біз дайындыққа барып, жиналған қаражатқа ойынға керек-жарақ сатып алдық. Боччаға арнайы қымбат доптар керек. Сондай-ақ допты ойын алаңына шығару үшін рампалар қажет. Мысалы, Аружан бізде тек саусақтардың ұшымен ғана ойнайды және оған Қазақстан федерациясы ұсынған қымбат рампа қажет болды, – дейді Гаухар Ақыжанова.

Қазір Қазақстанда бочча белсенді дамып келеді. Биыл мамыр айында Қарағандыда боччадан Кубок ұйымдастырылады. Ал тамызда Астанада алғашқы халықаралық челлендж өтеді.

Бочча – паралимпиадалық спорт түрі, оны церебралды сал ауруы және орталық жүйке жүйесінің басқа да зақымданулары бар адамдар айналыса алады. Бұл доп ойынының дәлдігі боулингке ұқсас. Боччаны қолмен, саусақпен, тіпті ауызбен ойнауға болады. 

Ол үшін кейбір спортшыларға допты ойын алаңына шығаруға мүмкіндік беретін арнайы рампа қажет.