Талдықорғанда шахматтан 9–11 сынып оқушылары арасында Ұлттық мектеп лигасының республикалық кезеңі аяқталды. Қарағандылық команда жарыстан күміс медальмен оралды.
Шахмат жарысына еліміздің барлық облыстарынан барлығы 60-қа жуық оқушы қатысты.
Қарағандының намысын әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясының төрт жоғары сынып оқушысы – Рауан Тұспаев, Қамшат Ерғали, Нұрасыл Дәулетбеков және Азамат Ғалымқадыр қорғады.
Олардың барлығы сабақтан тыс уақытта бала кезінен бастап шахматпен айналысады, ал мектепте оларды дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Дәулет Кеңесбай жаттықтырады.
– Бұл жарыстарда барлық қатысушылар мықты болды. Біздің жоғары сынып оқушылары жақсы нәтиже көрсетті. Әрине, толқу болды. Эмоционалдық кедергі салдарынан біздің шахматшылар көп ұпай жинай алмағаны әбден мүмкін, – деп есептейді Дәулет Кеңесбай.
Барлық жүлдегерлер медальдармен және дипломдармен марапатталды.