Қарағанды облысы әкімінің аппараты басшысының орынбасары Бахтиар Ғаболлаұлы Айешов 58 жасында кенеттен дүниеден өтті.
Бахтиар Ғаболлаұлы 1967 жылы дүниеге келген. 1990 жылы Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша, ал 2005 жылы Қазақстан-Ресей университетін экономика бакалавры дәрежесімен тәмамдаған.
Еңбек жолын 1994 жылы жеке секторда заңгер ретінде бастаған. 1997 жылдан бастап мемлекеттік қызметке ауысып, бас маманнан бастап облыс әкімінің аппараты басшысының орынбасарына дейінгі жолдан өтті. Қарағанды облысы мен Қарағанды қаласының атқарушы органдарында жауапты қызметтер атқарып, жоғары кәсібилігімен, принципшілдігімен және адалдығымен ерекшеленді.
2020 жылдың 18 маусымынан бастап Қарағанды облысы әкімінің аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарып, мемлекеттік және құқықтық жұмыстарды қадағалады.
Бахтиар Ғаболлаұлы – тек білікті маман ғана емес, сонымен қатар мінсіз беделге ие, адамдарға ілтипатты, әріптестері мен басшылықтың құрметіне бөленген жан еді.
Оның жарқын бейнесі оны таныған және бірге жұмыс істеген жандардың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның отбасы мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз.