Қазыбек Нұржановты еске алуға арналған жеңіл атлетикадан республикалық турнирге 200 спортшы қатысуда

Қазыбек Нұржановты еске алуға арналған жеңіл атлетикадан республикалық турнирге 200 спортшы қатысуда

Қарағандыда Кеңес Одағының Батыры Қазыбек Нұржановты еске алуға арналған жеңіл атлетикадан Ашық республикалық турнир басталды. Оған еліміздің әр өңірінен 200 жас спортшы қатысады. 

Биыл жарысқа Беларусь спортшылары да келді.

Қазыбек Нұржанов – Қарағанды облысы Ақтоғай ауылының тумасы. Белорусияның Волковыск қаласын азат ету кезінде шайқаста қаза тапқан. Деречин ауылында бауырластар зиратында жерленген. Волковыск тұрғындарының жау қолынан азат еткен батыр Қазыбек Нұржановқа құрметтері зор. Жергілікті спорт мектебінде жыл сайын Қазақстан жауынгерінің құрметіне жеңіл атлетикадан турнир өткізіледі. 

Қарағандыда бұл біріншілік алғаш рет 2019 жылы өткізіліп, оған қаланың батыры мен жеңіл атлетика манежінің есімі берілді. 

Бірінші турнирге Қарағанды облысы мен Беларусь Республикасының спортшылары қатысты.

– Бізді Қарағанды өте жылы қарсы алды. Қазыбек Нұржановты еске алу турнирі – біз үшін дәстүр. Волковыскта ол 47 рет өткізілді. Оған жауынгер жерленген қала мен ауылдың жалпы білім беретін мектептерінің спортшылары қатысады. Біз Қазыбек Нұржановты еске аламыз: оның есімімен көше аталды, спорт мектебінде мемориалдық тақта бар, бір мектептің мұражайында қаламызды азат етушінің бұрышы безендірілген. Биыл Қарағандыдағы жарысқа Волковыск пен Гродноның 10 оқушысы қатысуда. Бес жыл бұрын біз бұл жерде екі рекорд орнаттық, биыл жақсы нәтижелерге қол жеткіземіз деп үміттенеміз, – дейді беларусьтік жаттықтырушы Наталья Мозель.

Қарағандыдағы турнирге жыл сайын қатысушылар саны артып келеді.

– Биыл 200 спортшы өз күшін сынауда. Олар 50 метрге, 50 метрге кедергілермен, 300, 600 және 1000 метрге эстафеталық mix жүгіруде, биіктікке және ұзындыққа секіруде, ядро итеруде жарысады. Қазыбек Нұржановты еске алуға арналған республикалық турнир жыл сайын қарқын алып келеді. Оған жақсы ұйымдастырушылық пен спортшылар арасындағы лайықты бәсекелестік тән, – деді жарыстың бас төрешісі Юрий Дергачев.

Жарыс жеңімпаздарына Қазыбек Нұржановтың туыстары сыйлықтар мен ақшалай сыйақы береді.