
Нұра ауылында жақын арада мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында ашылған «Балажан» жаңа балабақшасы жұмыс істей бастайды. Ол 32 орынға есептелген. Бұл орындардың барлығына мемлекеттік тапсырыс бөлінген.

Балабақша қажетті кадрлармен жасақталған: тәрбиешілер, бала күтушілер, аспазшылар, дәрігер және техникалық қызметкерлер жұмысқа орналастырылған.

Балабақшаның ашылу салтанатында Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов мектепке дейінгі білім беру саласындағы жеке бастамалардың маңыздылығын атап өтті.
– Бала – біздің жанымыз, ұлттың болашағы. Біз балалардың махаббат пен қамқорлықта өсуіне ұмтыламыз. Бұл іске кәсіпкерлердің қатысқаны құрметке лайық. Жаңа балабақша – ауданымыздың әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосып, өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолындағы маңызды қадам, – деп атап өтті ол.

«Балажан» балабақшасы қажетті талаптарға жауап береді: топтар ыңғайлы, стандарттарға сәйкес келетін жаңа жиһаз, әдістемелік материалдар мен баланың ой-өрісін дамытатын ойыншықтардың толық жиынтығы, қауіпсіз инфрақұрылым. Мекеме рұқсат құжаттарын алды. Жақын күндері балаларды қабылдау басталады.

Аудандық білім бөлімінің бас маманы Гүлзана Ахметованың айтуынша, ауылда екі мемлекеттік балабақша мен мектептер жанындағы үш шағын орталық жұмыс істейді, алайда орындарға деген сұраныс әлі де жоғары: кезекте 100-ден астам бала тұр.
– «Балажан» балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту мәселесін шешуге жақсы көмек болады. Мұнда олар жай ғана уақыт өткізбей, дамып, армандап, әлемді танитын болады, – дейді Гүлзана Ахметова.