Орыс тілінен республикалық олимпиадада қарағандылықтар үш жүлделі орын алып, жоғары оқу орнына грантқа ие болды

Орыс тілінен республикалық олимпиадада қарағандылықтар үш жүлделі орын алып, жоғары оқу орнына грантқа ие болды

Қарағандыда орыс тілі мен әдебиетінен, сондай-ақ қазақ тілінде білім беретін мектептерге арналған орыс тілінен республикалық олимпиада аяқталды. Бес күн бойы еліміздің түрлі өңірлерінен келген жоғары сынып оқушылары білім сайысына түсті. Үш қарағандылық олимпиада жүлдегері атанды.

Ұйымдастырушылар – ҚР Білім министрлігі, Қарағанды облысының әкімдігі, «Дарын» орталығы, облыстық білім басқармасы және «Сарыарқа дарыны» орталығы.

– Олимпиаданың негізгі мақсаты – дарынды оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, білімдерін тереңдету, дарындарды халықаралық жарыстарға дайындау және тұлғаның өзін-өзі танытуына жағдай жасау, – деп атап өтті «Дарын» республикалық орталығы директорының ғылыми-әдістемелік қызмет жөніндегі орынбасары Айгүл Қарқұлова.

Жарыс екі кезеңде өтті: орыс тілі мен әдебиеті бойынша тапсырмаларды орындауға бірінші күні 120 минут, қазақ мектептерінің оқушыларына 180 минут бөлінді. Екінші турда барлығына бірдей уақыт – 120 минут берілді.

Бес күн бойы зияткерлік жарыстар тек конкурстық тапсырмалармен ғана шектелмеді. Басшылар үшін республикалық семинар, ал қатысушылар үшін мәдени және психологиялық бағдарлама: ҚР Тұңғыш Президентінің Музейіне экскурсия, Теміртаудағы қысқы бақ және стрессті жою бойынша тренинг өткізілді. Тренинг барысында оқушылар толқуды басу техникаларын игеріп, командалық жаттығуларға қатысты.

Екі турдың қорытындысы бойынша олимпиаданың 82 жүлдегері анықталды: 17 алтын, 24 күміс және 41 қола медаль. Бесеуіне ректорлық гранттар берілді.

Жеңімпаздар арасында «Қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі» санатында бірінші орын алған қарағандылық № 2 «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатының оқушысы Ясмин Урицкая бар.

– Олимпиададан кейін аралас сезімдер болды менде. Бірінші турды жазғанда орын алмайтыныма сенімді болдвм. Бірақ қатысу тәжірибесінің өзі маған ұнады. Мен эссеге көп дайындалдым. Тапсырмалар маған жеңіл болып көрінгенімен, жеңісті күтпеген едім: қарсыластарым менен үлкен және тәжірибелі болатын, – деп бөлісті Ясмин. – Өткен жылы мен жасөспірімдер олимпиадасына және «Білім-инновация лицейі» оқушылары арасындағы республикалық олимпиадаға қатысып, екеуінде де күміс жүлдеге ие болдым. Сол себепті мен тапсырмалардың форматын түсініп, не дайындауға болатынын білдім. Осы олимпиададағы жеңісім үшін Атырау университетіне грант, ҚарУ-ға екі мәрте стипендия және жаңа телефон алдым.

Екінші орынды «Қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі» санатында № 2 «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатынан Мария Тен, үшінші орынды «Орыс тілі мен әдебиеті» санатында Теміртаудағы № 16 мектептен Карина Навасад иеленді.