Қарағанды тамақтану және сервис колледжінің Құзыреттілік орталығының базасында «Мейрамхана ісі» құзыреттілігі бойынша «Абилимпикс» өңірлік кәсіби шеберлік чемпионаты өтті. Оған № 6 мамандандырылған мектеп-интернаттың және Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау орталығының 11 тәрбиеленушісі қатысты.
Байқаудың ерекшелігі – ол мамандандырылған мектеп-интернаттарда оқитын жасөспірімдерге арналған. Олар даму мүмкіндіктері мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар.
Конкурстық тапсырмалар төрт модульді қамтыды: екі адамға арналған кешкі ас дастарханын дайындау, майлықтарды жинаудың бес бірегей тәсілін көрсету, алкогольсіз фантазиялық коктейль дайындау және кондитерлік өнімді – тәтті тоқаш немесе капкейкті безендіру.
– Қатысушылар бірнеше өлшемшарттар бойынша бағаланды: мейрамхана жабдықтарының ассортиментін білу, керек-жарақтардың мақсаты, дастархан жайып, ыдыстарды әзірлеу ережесі, байқау барысында сыртқы келбеті, қауіпсіздік, гигиена және тазалық нормаларын қатаң сақтау, сондай-ақ заманауи үрдістерді білу және креативтілік көрсету қабілеті, – дейді Қарағанды тамақтану және сервис колледжінің өндірістік оқыту шебері, чемпионаттың бас сарапшысы Севиль Абдурахманова. – Барлық тапсырмалар конкурсқа қатысушылардың мүмкіндіктеріне бейімделді, әркім өзін сенімді сезініп, өз әлеуетін аша алады.
Жұмысты мейрамхана индустриясының өкілдері мен тиісті пәндердің оқытушылары бағалады.
Жарыс қорытындысы бойынша Артем Мелихов пен Зейнеп Кенжебек бірінші орын алды. Екінші орынды Денис Коврижный мен Екатерина Смола иеленді. Үшіншісі – Даниил Фоменко мен Мәриәм Әбдікәрімова.
Жеңімпаздар дипломдармен марапатталды. Барлық қатысушылар сертификаттар алды.
«Abilympics» сөзі – ағылшын тіліндегі «ability» (қабілеттілік) және «olympics» (олимпиада) сөздерінен алынған. Бірінші Abilympics байқауы 1981 жылы Токиода БҰҰ Халықаралық мүгедектігі бар адамдар жылына орай өтті. Abilympics мүгедектігі бар адамдардың дағдылары, әлеуеті мен қабілеттері туралы дәстүрлі түсініктерді өзгертуге көмектесті, бұл олардың кеңінен жұмысқа орналасуына септігін тигізді.