
Теміртау тарихи-өлкетану мұражайының кезекті «Ай экспонаты» Ғарышкерлер күніне арналған. Таңдау кездейсоқ емес: тұңғыш қазақстандық ғарышкер Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров балалық шағы мен жастығын металлургтер қаласында өткізіп, Армавир жоғары әскери авиациялық училищесіне жолдама алған.

Келушілерге Тоқтар Әубәкіров туралы «Тұңғыш қазақ ғарышкері» кітабы ұсынылды. Деректі-көркем эссе авторы – Талғат Сүйінбай. Кітапта ғарышкердің өмірінен көптеген қызықты фактілер жинақталған: балалық шақтың, жастық шақтың фотосуреттері, ғарышқа алғашқы ұшу, орбитада болу және туған жеріне оралу сәттері.

– Тоқтар Әубәкіров – қаламыздың құрметті азаматтарының бірі, ұшқыш-сынаушы, алғашқы қазақстандық ғарышкер. Ол Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Оның әкесі ерте қайтыс болды. Тоқтардың анасы кішкентай балаларын Теміртауға, үлкен қызының отбасына әкелгенде болашақ ғарышкер бір жасқа да толмаған еді. Мұнда ол № 3 мектептің бірінші сыныбына барды. Тоқтар бала кезінен ұшқыш болуды армандаған. Ұшақты алғаш көрген сәттен бастап, өмір бойы оған ғашық болған. 8-сыныпты аяқтағаннан кейін еңбек жолын Теміртау құю-механикалық зауытында токарь болып бастаған. Бір ауысымда үш есе норманы орындаған, тіпті «Әубәкіров жасаған» деген атаулы белгі алған. Лайықты еңбегі үшін 17 жасында Димитров көшесіндегі 66 үйден алғашқы пәтерін алды. Бірақ жас Тоқтар Армавир училищесіне оқуға аттанады, – деді Теміртау қаласының тарихи-өлкетану мұражайы қорының меңгерушісі Лаура Қаленова.
Бір сұхбатында Тоқтар Әубәкіров: «Маған сеніп, Армавир училищесіне жолдама берген Теміртауға шексіз ризамын», – дейді.
Зауыттағы жұмысын кешкі мектептегі оқумен біріктіріп, мақсатты түрде бала арманын жүзеге асыруға барды. ДОСААФ секциясында парашют спортынан үшінші разряд алады. Содан кейін Қарағанды оқу авиациялық орталығының пилоттық секциясына жазылған. 1965 жылы маусымда алғаш рет өз бетінше аспанға көтерілген.
Бұл және басқа да фактілер мұражайда айтылады. Экспозиция 8 мамырға дейін жалғасады.