Қарағандылық оқушылар қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиадада үш медаль жеңіп алды

Қарағандылық оқушылар қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиадада үш медаль жеңіп алды

Қарағандылық жоғары сынып оқушылары Оралда қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиаданың жүлдегерлері атанып, екі алтын және бір қола медальға ие болды. Оған өңірлік деңгейде іріктеуден өткен 9–11 (12) сыныптардың 167 оқушысы қатысты. Орыс тілінде білім алатын мектеп оқушылары да, қазақ тілінде оқитын мектеп оқушылары да жарысқа түсті.

Олимпиада екі турдан тұрды: біріншісінде қазақстандық авторлардың ұсынған шығармаларының бірі бойынша эссе жазу қажет болды. Екіншісінде қазақ тілі мен әдебиетін бағалауға бағытталған тапсырмалар болды.

Екі турдың қорытындысы бойынша қазақ тілінде оқытатын Н. Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицейдің 10 сынып оқушысы Сабина Марланқызы алтын медальға ие болды.

– Мен бұл олимпиадаға осымен екінші жыл қатарынан қатысып келем. Өткен жылы екінші орын алдым. Болашақта филолог болғым келеді, сондықтан қатысамын деп шештім. Тапсырмалар, әрине, күрделі болды. Мысалы, мен «Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» шығармасындағы пейзаж» атты эссе жаздым. Дайындалғанда пейзажға емес, кейіпкерлердің психологиясына көп көңіл бөліп едім, сондықтан қиын болды. Бірақ мен мұны ескеріп, келесі жылы тағы да олимпиадаға қатысамын. Оқу грантын ұтып аламын деп үміттенемін, – деп бөлісті Сабина.

Орыс тілінде оқытатын мектептердің оқушылары арасында Қ. Сәтбаев атындағы гимназияның 11-сынып оқушысы Артем Короленя алтын жеңіп алды.

Үшінші орынды № 2 лицейдің 11 сынып оқушысы Даная Корытникова иеленді.

Жеңімпаздар медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Жүлделі орындарға жақын болған, бірақ оларды ала алмаған қатысушыларға грамоталар табыс етілді.