Полициямен байланысқа арналған MVP мобильді қосымшасын немесе интерактивті жаттығу платформасын бар-жоғы екі күнде әзірлеу – қарағандылық хакатонға қатысушылар орындаған міндет. Жеңімпаздар арасында студенттер мен тәжірибелі әзірлеушілер ғана емес, мектеп оқушылары да бар.
Хакатонды ұйымдастырушы – «Террикон алқабы» стартап-экожүйесі.
Үздік жобалар ақшалай сыйлықтарға ие болып қана қоймай, өз әзірлемелерін алға жылжытуға мүмкіндік алды.
– Біз қатысушылардың дайындық деңгейі мен олардың пайдалы технологиялар жасауға деген ұмтылысын көрдік. Біздің мақсатымыз – талантты әзірлеушілердің бастамаларын қолдау және оларға жобаларды дамытуға көмектесу, – деп атап өтті «Террикон алқабының» бас директоры Сабир Ниязов.
Хакатонның жарқын сәті тәжірибелі әзірлеушілермен лайықты бәсекелесе алған оқушылардың қатысуы болды. Жас таланттардың екі командасы ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Қарағандыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-лицейдің сегізінші сынып оқушылары Артем Кузнецов пен Давид Дорошенко полициямен байланысуға арналған мобильдік қосымшаның жобасын ұсынды және оған шұғыл қызметтермен байланыс, «ақылды» сағаттармен үндестіру және сенімді адамдарға өздерінің іс-әрекеттері туралы ақпаратты беру мүмкіндігі сияқты функцияларды қосты. Нәтижесінде олар 100 мың теңге алды.
– Біз бастапқыда ересек әзірлеушілермен бәсекеге түсе аламыз деп ойлаған жоқпыз, бірақ байқап көрдік. Енді жобаны жетілдіріп, жаңа жарыстарға қатысқымыз келеді, – деді Артем Кузнецов.
Ақпараттық технологиялар мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының тоғызыншы сынып оқушыларынан құралған тағы бір мектеп командасы көрермендер көзайымы сыйлығын және 100 мың теңгені иеленді. Шайзада Такуадина, Ерасыл Төкен, Абдулла Сағынтай, Ернұр Қалел және Ахметжан Әділхан түрлі рөлдерге ие бола алатын (азамат, полиция қызметкері және т. б.), құқық қорғау органдарымен жасырын қарым-қатынас жасай алатын, өзекті жаңалықтарды оқып, полициямен сұхбат жүргізетін қосымша әзірледі.
Ерасыл Базарбаев, Алинұр Толбаев, Айжас Серіков және Әлімжан Жорабектен тұратын № 23 команда полицияның халықпен байланыс жасайтын мобильдік қосымшасын әзірлеуде бас жүлдені иеленді. Олардың Qalqan жобасы оқиғалардың интерактивті картасын, жоғалған адамдарды іздеу жүйесін, полициямен сөйлесуді және тіпті Amber Alert механизмін қамтитын қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған сандық экожүйе болып табылады. Команда өз жұмысы үшін 300 мың теңге алды.
Оған қоса, Максим Яковлев, Кирилл Бушманов және Әлібек Тәуірбаев бас біріктірген № 10 команда марапатталды. Олар авторизациясы, SOS түймесі, жаңалықтар таспасы және өтінімдер жүйесі бар клиенттік мобильді қосымшаны әзірледі. Өз жобасы үшін әзірлеушілер 100 мың теңге алды.
Интерактивті жаттығу платформасын әзірлеуде бірінші орын мен 300 мың теңге көлеміндегі сыйлықты № 52 командадан Аңсар Есмұханов пен Әділет Самұрат алды. Олар құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне тренажер бола алатын 3D ойын әзірледі. Екінші орын мен 200 мың теңге Тәлім Аушахман, Ерасыл Сатымбеков, Санжар Каменов, Арсен Исмаилов, Заңғар Манарбектен құралған № 50 командаға бұйырды. Олар жасанды интеллект интеграциясы бар VR ойын-тренажер жасады.