Абай қаласының жас бишілері Ташкентте өткен екі халықаралық байқауда көрермендер мен қазылар алқасының жүрегін баурап алды. «Дидар» би ансамблі төрт Гран-при мен бірінші орындарға ие болды.
«Жеті өнер» байқауында ұжым балалар мен ересектер арасында екі жас санатында өнер көрсетті. Кіші құрам қазылар алқасына «Қамажай» және «Тұғырлы Тұран» билерін, ал үлкендері – «Асыл арман» және «Ғасырлар үні» билерін ұсынды. Бұл байқауға Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан және Әзірбайжаннан 500-ге жуық әртіс қатысты.
– Қарағанды облысы осындай жарыстарда әрдайым жоғары деңгей көрсетіп келеді, – деді байқау жетекшісі Сандуғаш Құрманова. – Қазылар алқасы бишілердің өнерін жоғары бағалап, төрт нөмірді де Гран-приге лайықты деп таныды. Сонымен қатар, ансамбльдің көркемдік жетекшісі Дидар Аханова «Талантты балалардың үздік педагогы» және «Үздік ұжым» номинациялары бойынша марапатталды.
Бірінші жеңістен кейін екінші, одан да ауқымды - International Championship Dance in Square World Uzbekistan байқауында жетістікке жетті. Оған Германия, Швейцария, Чехия және Орталық Азия елдерінен 1000-ға жуық әртіс қатысты.
«Дидар» ұжымы алдыңғы байқауда марапатқа ие болеан төрт нөмірді орындап, тағы төрт бірінші орынды иеленді.
– Біз «Қамажай» биіне бір жарым жыл дайындалдық, ал «Тұғырлы Тұран» биін жарты жылдан астам уақыт бойы жаттадық. Жарыс алдында күніне 4–5 сағаттан жаттықтық. Бізге артылған үмітті ақтағанымызға қуаныштымыз, – дейді ансамбль бишісі 8 жасар Кәусар Бағдәулет.
Көркемдік жетекшісі Дидар Аханова атап өткендей, бұл жеңіс ата-аналар мен жанкүйерлердің табанды дайындығы мен қолдауының нәтижесі болды.
– Біздің ұжымда Абай қаласының мектептерінен іріктелген 60-қа жуық биші бар. Бұл жеңіс – әрқайсымыздың еңбегіміз. Алда бізді жаңа шыңдар күтіп тұр! – деді Дидар Аханова.