Қарағанды облысында биыл 161 км теміржолды жөндеу жоспарланған. Бұл туралы "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
"Бүркітті – Қарағайлы, Ащысу станциясы, Саумалкөл және т. б. аралықтарында 34,2 км жол рельс-шпалдық торларды ауыстыру арқылы күшейтілген орташа жөндеумен қамтылады. Теміржолшылар Атасу станциясынан Қаражал станциясына және Ащысу станциясынан Саумалкөлге дейінгі аралықтарда 52,5 км көлемінде орташа жөндеу жұмыстарын жүргізеді", – делінген компания хабарламасында.
Жалпы ұзындығы 42,4 км болатын бірнеше аралықта балласты тазарту жоспарланған. Сондай-ақ рельстік тіректер мен бағыттамалық бұрмаларды ауыстыру, рельстік соқпақтардың тұтастығын қалпына келтіру көзделген.